Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесіп, халыққа есеп берді. Жиында өңірдің тыныс-тіршілігі мен басты көрсеткіштері сараланып, қолға алынған ауқымды жобалар мен орындалған жұмыстың нәтижесі ортаға салынды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы құны 26,9 млрд теңге болатын 5 инвестициялық жоба іске асырылды
Соңғы үш жылда Еңбекшіқазақ ауданында кіріс көлемі екі еседен астам артты. Мәселен, биыл 40 миллиард теңгеден астам кіріс түсті.
Бүгінде ауданда жалпы құны 26,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде Масақ ауылында құны 8 млрд теңгеге «QazEcoDan» заманауи дәнді дақылдар кешені ашылды. Оның сақтау сыйымдылығын 120 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Ал Тескенсу ауылында жылына 70 мың тонна жеміс-көкөніс өңдейтін «Qazaq Global Food» зауыты пайдалануға берілді. Жобаға 9,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 56 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар жыл соңына дейін Балтабай ауылында тағы үш инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл бастамаларға 12 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Ауыл шаруашылығы: 6 ауылға суару каналы тартылып, 24 мың гектар жер айналымға енеді
Еңбекшіқазақ ауданы аграрлық сала бойынша облыста көш бастап тұр. Өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің 22 пайызы осы ауданның үлесінде. Биыл бұл бағыттағы көрсеткіш 2,5 пайызға өсті. Жұмыс қарқынын сақтау үшін суару жүйелерінің сапасына баса назар аудару керегі белгілі. Осыған орай Ислам даму банкімен екі жыл бойы жобалау және банк рәсімдерінен өту жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде келесі жылдың қаңтарында Су ресурстары және ирригация министрлігі Сөгеті, Масақ, Малыбай, Бартоғай, Шелек және Асы округтерінде суару каналдарының құрылысына конкурс өткізеді. Жобаның бірінші кезеңінің құны – шамамен 49 миллиард теңге. Бұл 24 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді.
Өнімді өсірумен қатар, оны өңдеп, қаптап, сатуға да ерекше ден қойылуда. Мәселен, жалпы аумағы 244 гектар болатын «Шелек» индустриялық аймағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мұнда ауыл шаруашылық өнімін өңдейтін ірі халықаралық брендтер мен инвесторлар тартылады.
Аудан шаруалары отыз жылдан бері Бәйсейіттегі Абай көшесінде сауда жүргізіп келеді. Себебі дәл осы жол арқылы Шарын мен Көлсай сынды танымал туристік нысандарға жетуге болады. Дегенмен онда жұмыс істейтін 97 кәсіпкердің өнімін сатуға рұқсат беретін заңды құжаты жоқ. Осыған орай аталған елдімекенге «Керуен кешені» жол бойындағы қызмет көрсету нысанының құрылысы басталды. Кешен 2027 жылдың ақпан айында ашылады деп жоспарланып отыр.
Асыдағы обсерваторияға 16 шақырым жол салынады
Еңбекшіқазақ ауданы Түрген шатқалы, Есік көлі, Асы жайлауы мен Бартоғай су қоймасы сияқты табиғи орындарымен ерекшеленеді. Бұл аумақтар туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді.
«Биыл ауданда «Туранга групп» серіктестігі Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағында экотуризмді дамыту жобасын іске қосты. Жобаға 1,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал Жаңашар және Бәйтерек ауылдарында жеке инвестиция есебінен жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын екі демалыс аймағының құрылысы аяқталуға жақын. Аталған жобаларды 2027 жылы іске қосып, 30 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде», – деді Алматы облысының әкімі.
Туристер әсіресе Түрген шатқалы мен Асы жайлауына ерекше қызығушылық танытуда. Биылғы 9 айда шатқалға 137 мың адам келіп, өткен жылмен салыстырғанда екі жарым есеге өсті. Оның 40 мыңға жуығы – шетелдік туристер. Бүгінде Асыдағы обсерваторияға дейін 16 шақырым жол салу мен электр желісін тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Электрмен бірге ұялы байланыс та келеді.
Алдағы екі жылда елдімекендердің 60 пайызы газға қосылады
Қазіргі таңда ауданда 16 ауыл газға қосылған. Алдағы екі жылда тағы 32 ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Нәтижесінде газдандырылған ауылдар саны үш есе артып, 48-ге жетеді. Бұл – елдімекендердің 60 пайызын құрайды. Алдағы 12 айда Есік қаласында, Түрген және Шелек ауылдық округтерінде газға қосылмаған абоненттер мен Алмалы ауылы толық газдандырылады.
«Биыл жеке инвестиция есебінен Рахат, Өрікті, Ақбастау және Көктөбе ауылдарында газ тарату желілерінің құрылысы аяқталып, 30 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Үкімет қаулысына сәйкес, 2027 жылға «Шелек – Кеген – Нарынқол» магистральдық газ құбырын салуға 12 млрд теңге қарастырылды. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданының 21 елді мекенін газдандыру жобаларын іске асыруға 19,9 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта мердігер ұйым өз қаражаты есебінен Алға, Космос, Қойшыбек және Базаркелді ауылдарында құрылыс жұмыстарын бастап кетті», – деді аймақ басшысы.
Ауыз сумен жабдықтау сапасын арттыру мақсатында биыл су желілерін салу және жаңғырту жұмыстарына 5 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 240 шақырым желіні қамтитын жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін Түрген және Аймен ауылдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал Есік қаласы мен Байсейіт, Өрікті, Азат және Қайназар ауылдарында ауыз су желілерінің құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарланған.
Биыл 5,7 миллиард теңгеге 146 шақырым жол жөнделді. Тағы 14 ауылдың жолдары мен көшелерін жөндеу жобалары дайын, қаржы бөлуге өтінім берілді.

3 жаңа мектеп салынып, 3 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті
Әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға да баса назар аударылуда. Мәселен, биыл Сатай ауылында 900 орынды, Ащысайда 600 орынды және Төле би ауылында 450 орынды білім ошағы ашылды. Тағы 3 мектеп күрделі жөндеуден өтті. 2023 жылы ауданда үш ауысымда оқитын үш мектеп болды. Қазір тек Бәйтерек ауылындағы мектеп қана қалды. Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясымен бірлесіп, Есік қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі футбол алаңының төсеніші толықтай ауыстырылып жатыр. Бұдан бөлек, Тескенсу ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталса, спорт кешені келесі жылы қолданысқа беріледі.
Саймасай ауылында өрт сөндіру, полиция және жедел жәрдем қызметін бір арнаға шоғырландыратын әмбебап бекеттің құрылысы жүріп жатыр. Кешеннің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Үш қоқыс полигоны салынады
Бүгінде ауданда талапқа сай салынған, рұқсат етілген бірде-бір полигон жоқ. Осыған орай Шелек, Балтабай ауылдары мен Есік қаласында үш полигон салынады. Оның жанында қалдық өңдейтін зауыттар іске қосылуы мүмкін. Қазіргі таңда кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілуде. Одан бөлек ауданның 20 ауылында қоқысты нығыздауға арналған нысандар ашылады. Нәтижесінде жеті жүк көлігінің қоқысы бір көлікке сиятын болады. Тығыздалған қоқыс полигон жанындағы зауыттарға жеткізіледі. Онда қалдықтың 40 пайызы сұрыпталып, өңделеді. Қалғаны талапқа сай полигонға көміледі.
Бес карьердің жұмысы тоқтатылды
Тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін карьер мәселесі де шешімін тауып келеді. Ол үшін төтенше жағдай режимі жарияланып, 9 қарашадан бастап 5 карьер жабылды. Заңсыз өндірісті тоқтату мақсатында барлық құқық қорғау және уәкілетті органдардан тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Олар ауданда тәулік бойы бақылау жүргізеді. Сонымен қатар Бәйтерек және Ават округтерінде «Сергек» жүйесінің 5 камерасы орнатылып, Алматы қаласының базасына қосылды. Енді әр жүк көлігінің қайдан шығып, қайда баратыны, нақты уақыты көрініп тұрады. Нәтижесінде 4 экскаватор мен 2 самосвал ұсталып, мың тоннадан астам пайдалы қазбаны заңсыз өндіруге жол берілген жоқ.
Халық әкімнен не сұрады?
Кездесу соңында тұрғындар өзекті сұрақтарын қойып, оларды шешу жолдарына құлақ түрді. Атап айтқанда, Шелек, Малыбай, Сарыбұлақ, Азат, Ақтоған ауылдарындағы тозығы жеткен мектептерді күрделі жөндеу, Қазақстан ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Бәйдібек би ауылындағы спорт кешенінің құрылысы сөз болды. Сондай-ақ саяжайлардың жер құжаттарын рәсімдеу, газ бен жарық тарифі, Есік қаласы мен Бөлек ауылы арасындағы жол мен ескі кәріз жүйесін жаңарту, Азат ауылында Мәдениет үйін салу және өзге де мәселелер көтерілді. Облыс әкімі қойылған әрбір сұрақ назарға алынатынын және кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

