Қазақ тарихының қатпарлы беттерінде елінің еркіндігі мен жерінің тұтастығы үшін күрескен талай ердің есімі бар. Солардың бірі – ХХ ғасырдың басындағы алмағайып кезеңде халық тағдырына бейжай қарамай, қолына қару алып, ел бастаған Жақыпберді Солтанбекұлы.
Жақыпберді 1884 жылы Кеген ауданы Жылысай ауылының аумағындағы Солтанбек сайында дүниеге келген. Жас кезінен-ақ ол зеректігімен, мергендігімен көзге түседі. Хат танып, ел ісіне ерте араласады.
1916 жылы патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы қазақ даласында үлкен көтеріліс басталады. Қарқара өңіріндегі ұлт-азаттық көтерілісте Жақыпберді де халық жасағының біріне басшылық жасап, ел азаматтарының басын біріктірді. Оның есімі сол кезеңдегі ерлердің қатарында аталады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» шығармасындағы халық жасағының басшысы Жансейіттің түпбейнесі – осы Жақыпберді. Бұл – оның 1916 жылғы оқиғалардағы орнын айқындай түсетін маңызды мәлімет.
Патша әскерінің қанды жазалауынан кейін Жақыпберді бір қауым елмен бірге Қытай жеріне өтуге мәжбүр болады. Алайда 1917 жылы патша өкіметі құлаған соң елге қайта оралады. Бірақ қарулы казак-орыстардың тонаушылық әрекеттері мен зорлық-зомбылығы жаңа билік тұсында да жалғаса берді. Кеңес өкіметінің орнауы да Жақыпбердінің күрес жолын тоқтатқан жоқ.
1929-1930 жылдары Жақыпберді бастаған қарулы топ Қулық тауының бөктеріндегі бірнеше ауылды Қытай жеріне алып өтеді. Оның айналасына жергілікті атқамінерлерден қысым көрген, жаңа биліктің саясатына наразы адамдар топтаса бастайды. Жақыпберді төңірегіне халықтың жинала бастағанын қауіп санаған Қытай үкіметі оған қарсы әскери күш қолдануға кіріседі.
Осылайша, Жақыпбердінің өмірі екі елдің де саяси қысымымен арпалысқан күрделі кезеңге ұласты. Екі жылға созылған қуғын-сүргіннен кейін 1932 жылдың соңында Жақыпберді бастаған қырық шақты адам тұтқындалады. Солардың 24-і ату жазасына кесіледі.
Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің қасіреті еді. Елінің еркіндігін аңсаған, жерінен айырылмауды көздеген азаматтардың тағдыры осылайша қанды жазалауға ұшырады. Жақыпберді де сол зұлматтың құрбаны болды. Ол 1932 жылы Қытай жерінде, қазіргі Жанбұлақ қорығы аумағында қаза тапты.
Жақыпбердіден қалған із
Жақыпбердінің өмір жолы мұнымен аяқталған жоқ. Оның артында қалған ұрпағы әкесінің тағдырын, көрген қуғын-сүргінін жүрегінде сақтап жеткізді. Бүгінде Жақыпбердіден тараған ұрпақ бар. Оның немересі Тұрағалды, шөберелері ата жолының тарихын жалғастырып, баба есімін ұлықтап келеді. Осынау арманда кеткен батырдың ұрпақтары бүгінде қайда? Жалғыз тұяқтың тағдыры немен аяқталды, бірі білсе, бірі білмес. Осыған орай Жақыпбердінің немересі Тұрағалды Төреқұлұлы ағамызбен кездесіп, әңгімелескен едік.
– Тұрағалды аға, қасиет қонған, батырлық дарыған мәуелі әулеттің ұрпағысыз, аталар шежіресін тарқатып айтып берсеңіз.
– Түп атамыз – қасиетті абыз Әлмерек бабамыз. Әлмеректің баласы, біздің арғы атамыз Жәнібек – жаугершілік заманда ерлігімен көзге түскен даңқты батыр. Жәнібектен туған Байсейіт те – шешендігімен сөз бастаған, көсемдігімен ел бастаған, батырлығымен жер қорғаған айтулы тұлға. Байсейіттен тараған Қонысбай да ата жолын жалғап, жауға шапқан ержүрек, жауынгер азамат болған. Осылайша, әулетіміздің шежіресінен еліне қорған болған батырлардың жалғастығын көреміз.
Қонысбайдың тұңғышы Пұсырман (Мұсылманбай) да тарихта өзіндік із қалдырған тұлға. Деректерде оның 1751 жылы Әбілез ханның тұсында Төле бидің баласы Жоланмен бірге Қытайдың Жан-Жұң патшасына елшілікке барып, Қазақ-Қытай шекарасы жөнінде келіссөз жүргізіп қайтқаны айтылады. Пұсырман туралы ел арасында сақталған аңыз-әңгімелер оның тек батыр ғана емес, ел тағдырын ойлаған азамат болғанын көрсетеді. Пұсырманнан туған Тазабек атамыз ел басына күн туған шақта қолына қару алып, халық мүддесі үшін күрескен батырлардың қатарында болды. Тарихи деректерде Тазабектің Саурық батырмен бірге патша әскеріне қарсылық көрсеткені, қол жинап күрес жүргізгені айтылады. Оның тағдыры сол кезеңдегі қазақ халқының жері мен еркіндігін қорғау жолындағы күресінің бір көрінісі еді. Осындайда ақын, сазгер Тазабек атамызбен бірге көтеріліске қатысқан батыр Шалтабай Алпарұлының өлеңі ойға оралады:
Шалтабай – менің атым, әкем – Алпар
Ауылымды бір көруге болдым іңкәр.
Кешегі қырық солдатты бір өзі алған,
Тазекем өтіп кетті-ау, қайран сұңқар.
Тазабектің азаттық аңсаған рухы мен ел үшін күресін оның ұлы Солтанбек атамыз жалғастырды. Ел ішінде беделді, ақыл-парасаты мол, қазақ пен қырғызға бірдей сыйлы азамат болған екен. Осылайша, бір әулеттің шежіресіне көз жүгіртсек, Әлмеректен басталған ерлік дәстүрінің Жәнібекке, Байсейітке, Қонысбайға, Пұсырманға, Тазабекке, Солтанбекке, Әубәкiрге жалғасып, кейінгі ұрпаққа рухани аманат болып жеткенін көреміз
Солтанбек атамыз 1872 жылы Кеген ауданы Жылысай ауылына қарасты Солтанбек сайында дүниеге келген. Атамыздың екі әйелі, бір әмеңгері болған. Бәйбішесі Тотыдан – Шоқпар, Оқас, Әубәкір, тоқалы Талмадан – Сыдықбек, Заманбек, Балатбек тарайды. Әмеңгері Мінекей сұлудан (Сақау Мергенбайдың қарындасы) Жақыпбек, Жақыпберді, Әбдікерім, Әбжалал, Мұхтар атты бес ұлы болады. Осы он бір ұлдың ұрпақтары Қытай, Қырғыз, өзіміздің елде өсіп-өніп, қанатын кеңге жайған.
Жақыпбердінің кім болғанын тану үшін оның өмір жолына ғана емес, ата-баба шежіресіне де үңілу қажет. Өйткені қазақ ұғымында адамның болмысы, мінезі мен елге деген қызметі оның шыққан тегімен, атадан балаға жалғасқан рухани мұрасымен сабақтасып жатады. Халық арасында мұндай ерлердің қасиеті мен ерлігін ұмыттырмайтын өлең-жырлар да сақталған:
Жәнібек – тұңғыш екен Әлмеректен,
Қайтпайтын алған беттен, айтқан серттен.
Байсейіт, Қонысбай мен Пұсырманбай,
Бәрі де қамал бұзып, батыр өткен.
Бұл жолдар – бір әулет бойындағы батырлық дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанын аңғартады. Аталарынан қалған батырлық, қайсарлық, елге деген сүйіспеншілік Жақыпбердінің де өмір жолынан көрініс тапты.
– Атаңыз Жақыпбердіден қанша бала қалған?
– Атам Жақыпбердіден екі қыз, бір ұл тараған. Үлкені Нұрыш әкпеміз1920 жылы дүниеге келген, тұрмысқа шыққаннан кейін жұбайы қайтыс болып кетеді. Бүтін әулет бір күнде қара жамылып, жазықсыз атылғаннан кейін әке, бауырларының орнына қорған болып, бар өмірін соларға арнаған. Ал қарындасы Гүлнар әкесі қайтқанда бар-жоғы бір жарым жаста екен. Гүлнар әкпеміз әкесіне тартқан алғыр еді, аңыз-әңгіме, жырларды жатқа айтып отыратын.
Жалғыз ұлы Төреқұл әкесін айдап кеткенде он жастағы ойын баласы еді. 1932 жылғы шеріктердің аяусыз қандықол қарақшыларының қызыл қырғынында етегі жасқа толып, «Жәкем-ау, бізді қайда тастадың?» деп артынан ере жүгірсе де, таяқ жеп құлап-сүрінсе де, әкесінің артынан боздап біраз жерге дейін барған еді, қу тағдыр әкесін қайтармады.
Сол бір зұлмат кезеңде «Жақыпбердіден ұрпақ қалмасын» деген саясаттың салқыны отбасына ауыр тиді. Әкем Төреқұл үнемі айтып отыратын: «Шешем менің амандығым үшін құлағыма сырға тағып, көйлек кигізіп, қыздардың ортасында өсіруге мәжбүр болды» деп. Бұл дегеніңіз сол заманның адам тағдырын қаншалықты аяусыз өзгерткенінің бір көрінісі.
Қайран, анам, менің жеті жасымда Қытайда безгек ауруынан қайтыс болған. Әкем бізді жетектеп 1961 жылы туған еліне оралады. Бірақ тегімізді Мергенбаев деп өзгертіп өткізді. Мен әскерге дейін сол тегіммен келдім. Ол кезде де Жақыпбердінің тұқымы деп айтуға қорқатын едік. Туған жерге табан тіретпей, бізді бірден Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Ынтымақ ауылына қой бағуға жіберді. Ол жерде бір жыл ғана тұрақтадық. Әкем бір күні: «Тез-тез жиналыңдар, елге кетеміз», – деді жүзі нұрланып. Сонымен пойызбен Алматыға келдік, одан жүгіріп жүріп көлік тауып, бізді сол кездегі аудан орталығы Жалағашқа жеткізді. Бір қонып Көртоғайға келдік, ол кезде шағын ауыл еді. Әкем Солтанбек атасының, Жақыпберді әкесінің қаны тамған жерге жеткенше жай таппады. Содан бізді Әділ Әбдірахманов деген кісі жүгімізді басып алып, Жылысайға әкеліп тастады. Атамның інісі, Әбдікерімнің баласы Жағыныс атамыздың үйінің жанындағы бос тұрған үйге жайғастық.
Әкем Төреқұл 2013 жылы 93 жасында дүниеден өтті. Ол кісі әңгімешіл, адуынды әрі мейірімді, ақ адал жан еді.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Салтанат Бакеева
журналист

