Перейти к содержимому

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

13 қаралым

Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінде «Зорлық зомбылықсыз өмірге құштар әлем» атты семинар өтті. Шараны «Human Rights Lawyers» қоғамдық қоры және облыстық аналар кеңесі «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» халық-аралық науқаны аясында ұйымдастырды.

Семинарға Жамбыл ауданының білім беру, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары, ювеналды полиция инспекторлары, балалармен жұмыс істейтін психологиялық орталықтар мен әлеуметтік қызметкерлер, денсаулық сақтау саласының өкілдері, жастар мен студенттер қатысты.
Басқосуда жиынның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, оның барлық түріне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту екені атап өтілді. Семинар «Азаматтардың құқықтарын қорғау және азаматтық бастамаларды қолдау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру» жобасы аясында өткізілді. Аталған жоба Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы іске асырылуда. Бұл жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға өз құқықтарын білуге және заңды жолмен қорғауға көмектесу, қоғамдық белсенділікті арттыру және азаматтық бастамаларды қолдау, сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін насихаттау.
Семинарда қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілді. Бұл орайда облыстық әділет департаментінің басшысы Жанболат Самашев «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері» тақырыбында баяндама жасады. Ал облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнара Жошыбаева «Отбасылық құндылықтар – зорлық-зомбылықсыз қоғамның негізі» тақырыбында тағылымды әңгіме өрбітті.
«Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының президенті, құқыққорғаушы Ләззат Рақышева аталған қордың жұмысынан хабардар етті. Қордың құрылғанына 10 жыл толғанын, содан бері қиын жағдайға тап болғандардың құқығын қорғауға жәрдемдесіп келетінін жеткізді. Ләззат Бекмұханбетқызы сонымен қатар зорлық-зомбылықтан зардап шеккен бір азаматшамен бірге «Әйелдердің құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу: құқық қорғау тәжірибесі, нақты істер мен жобалар» тақырыбын бірлесе жан-жақты тарқатты. Сөзінің арасында көпшілік назарына ұсынылған бейнероликте зорлық-зомбылықтан зардап шеккен тағы үш әйелдің тағдыры, құқықтарының қалай қорғалғаны баяндалды.
Жиында сондай-ақ адвокат Райхан Елдесбаева «Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқықтық қорғалуы және заң көмегін алу жолдары» тақырыбына тоқталды. Алматы облысы бойынша психологиялық қолдау орталығының Жамбыл ауданындағы үйлестірушісі Ләззат Смағұлова өз сөзінде зорлық-зомбылықтың психологиялық салдары және адамның ішкі жан дүниесін қалпына келтіру жолдарына тереңірек үңілді. Қарасай және Жамбыл аудандық отбасын қолдау орталықтарының директорлары Елена Константинова мен Панар Бөлдешова қиын жағдайға тап болған отбасыларға қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.
Ашық пікір алмасылған жиын барысында қатысушылардың сұрақтарына толымды жауап беріліп, ұсыныстары ортақ талқыға түсті. Психологиялық тренингте мұқтаж жандарға эмоционалдық қолдау көрсету, психологиялық тұрақтылықты нығайту және өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру жайы қаузалды. Семинар соңында қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, азаматтардың құқықтарын қорғауға және әлеуметтік бастамаларды қолдауға үлес қосқан заңгерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен волонтерлер марапатталды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑