Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Шекарашының отбасында үшем дүниеге келді

Шекарашының отбасында үшем дүниеге келді

44 қаралым

Сүйінші жаңалық, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Қарғалы» шекара бөлімшесінің барлаушы-атбегі ефрейтор Махсудин Жұмағұловтың отбасы үш қызбен толықты. Сәбилер Алматы қаласының №1 перинаталдық орталығында дүниеге келді.
Махсудин мен Ләззаттың шаңырағында Айша, Айзере есімді қыздар мен Құдайберген деген батыр өсіп келеді. Ата-анасы үшемге – Айла, Аюми, Альсия деген әдемі есімдер берді.
– Үш сәбидің бір мезетте дүниеге келуі – біздің отбасымыз үшін айтып жеткізгісіз қуаныш, үлкен бақыт қана емес, сонымен бірге мен үшін тосынсый да болды. Бір күнде үш перзенттің әкесі атанып, шаңырағымыздың шаттығы еселенді. Тылдағы сенімді тірегіме айналған зайыбымның аман-есен босанып, балаларымызды бауырына басқанына шексіз қуаныштымын. Енді алты баланың әкесі ретінде мойнымдағы жауапкершіліктің де еселенгенін сезінемін.
Әке болу – тек ұрпақ жалғастыру емес, әр балаңа дұрыс тәрбие беріп, олардың болашағына жол ашу, өмірден өз орнын табуларына жағдай жасау. Қызметтегі міндетімді абыроймен атқара жүріп, отбасымның тірегі болу – мен үшін үлкен мәрте. Балаларымның амандығы, жүрегімнің жартысына балаған жан жарымның бақытты күлкісі мен шаңырағымның шаттығы – менің ең үлкен байлығым, – дейді шекарашы ағынан жарылып.


Бізбен ықыластана сұхбаттасқан ефрейтор Махсудин Жұмағұлов зайыбы Ләззат Жараспен Ақжардағы байланыс полкінде қызмет атқарып жүрген кезінде танысып, 2018 жылы екеуі шаңырақ көтеруге сөз байласыпты. Ал әскери қызметшінің өзі 2014 жылдан бері Шекара қызметінің сапында. Өзінің ел шебіндегі алғашқы қызметін батыстағы Ақтөбе облысы бойынша департаментінің «Терісаққан» шекара бөлімшесінде барлаушы болып бастаған. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, белгілі себептермен Алматыға ауысқан жас жігітті мұнда тағдырдың тосынсыйы күтіп тұрған болып шықты…
– Енді міне, жүрегімнің жартысына балаған жолдасым – шаңырағымның отанасы маған өмірімдегі ең ғажайып кезеңді сыйға тартты. Ал №1 қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлеріне балаларымның анасын аман-есен босандырып алғаны, үш қызымды да дүниеге аман-сау әкелгені үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Мұнда өз ісінің мамандары еңбек етеді, – дейді алты баланың әкесі атанған ефрейтор М.Жұмағұлов.
Қазір үшем мен олардың анасы Ләззат Қанатқызы дәрігерлердің бақылауында. Келесі аптада өздерінің бақытты шаңырақтарына оралатын сәтті асыға тосып жатқан жайлары бар. Ал оларды үйде Айша, Айзере, Құдайбергендер күтіп жүр. Бақыт дегеніміз осы болар!
…Айтпақшы, жақсылық хабарға шөліркеп жүрген Алматыдағы БАҚ өкілдері бізден бұрын қимылдап, шекарашының үшемнің әкесі атанғанын оңтүстік астананың халқына жеткізіп үлгерді. Біз де олардан қалыспай, сүйінші жаңалығымызды шекарашыларға жеткізгенше асықтық. Өйткені, мұндай тарихи оқиға туралы осыдан бірнеше жыл бұрын қалам тербегеніміз есімізде. Ол кезде шекарашының жан жары дүниеге төртем әкелген болатын. Ал бүгін ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің шекарашысы үшемнің әкесі атанды.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑