Сан тағдыр иелерін тоғыстырған ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Ақжардағы оқу базасы. Көктемде шекарашылар қатарына қабылданып, қайтадан «партаға отырған» жас жігіттердің өмірі мұнымен шектелген жоқ. Қолдарына алғаш рет қару ұстап, далалық полигонда нысана көздеудің қыр-сырын меңгерді. Әскери өмірдің темірдей тәртібіне бейімделіп, жауынгерлік ортада жаңа достар тапты. Алыста қалған ата-ана мен бауырдың, туған үйдің қадірін бұрынғыдан да тереңірек сезінді.
«Көктем – 2026» шақырылымының сарбаздары жайлы тағы не айтуға болады? Айтар әңгіме аз емес. Соның бірі – ағайынды сарбаздар туралы сыр.
Иә, әскери ортада ағайындыларды, бір-бірінен айнымайтын егіздерді, мектеп партасын бірге бөліскен сыныптастарды, студенттік шақтың қызығы мен қиындығын бірге өткерген достарды, тіпті бөлелерді де кездестіруге болады. Сондықтан қалам тербеуге тұрарлық тағдырлар мен оқиғалар жеткілікті. Біз әңгімемізді ағалы-інілі сарбаздардан бастауды жөн көрдік.
…Бұл – қатардағы жауынгерлер Алмат Сарғалдақов пен Асхат Данахметов еді. Құжат жүзінде тектері әртүрлі жазылғанымен, олар – туған бауырлар. Алмат он тоғыз жасқа толғанда екеуі әскерге бірге аттануды ұйғарыпты. Осылайша, шекарашылар сапына қатар қосылған ағайын жас жауынгерлер курсын да бірге өтті. Әскери өмірдің алғашқы әліппесін бірге меңгеріп, бір-бірінің жетістігіне бірге қуанды. Мәреге де қатар жетті.
Ең қызығы, олар әскерден кейін де шекарашылар қатарында қалып, қызметтерін келісімшарт негізінде жалғастыру туралы шешімді де бірге қабылдаған. Бүгінде ағайынды сарбаздар Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Қарғалы» шекара бөлімшесінде иық тіресе қызмет атқарып жүр.
– Алмат, Асхат, менің білуімше, сендер Қызылорда облысының Қазалы өңірінен екенсіңдер. Қазалы маған жақсы таныс. Журналистік іссапармен талай барғанмын. Құм қойнауындағы бір-бірінен бірнеше сағаттық жолда орналасқан шекара бөлімшелеріне жету үшін Қазалының үстімен талай жүрдік. Шынымды айтсам, Қызылорданың Қызылқұмы маған ерекше ыстық. Мүмкін, құмның мінезін танып, сол өңірдегі құммінезді шекарашылардың өмірін өз көзіммен көргеннен болар. Ал сендер ше? Неліктен таңдауларың Шекара қызметіне түсті? Бұған туған өлкелеріңдегі шекарашылар себеп болды ма? – деп сұрадым.
Сұрағыма аға ретінде алдымен Алмат жауап беруге асықты. Сәл жымиып алған ол:
– Дәл таптыңыз. Әскерге аттанатын уақыт таяғанда көп ойландым. Отбасымызда ұлдан екеуміз ғана. Бауырым Асхат ол кезде Алматыда менің қасымда жұмыс істеп жүрген. Отан алдындағы азаматтық борышын өтейтін жасқа келген болатын. Сонда ойыма: «Неге әскерге бірге бармасқа?» деген ой келді.
Қуантарлығы, Асхат бұл ұсынысты бірден қолдады. Сөйтіп, біз Алматы қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі басқарманың табалдырығын бірге аттап, барлық іріктеу кезеңдерінен қатар өттік. Сол жерде бала кезден көзіміз үйренген шекарашы офицерлерді әскери киіммен көргендегі алғашқы толқынысымды әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Көп ұзамай шекарашы психологпен әңгімелесіп, талапшыл офицерлердің сынағынан да сүрінбей өттік.
Қалғаны өзіңізге белгілі. Жас жауынгерлер курсынан кейін осында жіберілдік, – дейді Алмат.
Иә, Алмат айтқандай, қалғаны бізге белгілі еді. Департаменттің оқу базасында шекарашылық шеберліктерін шыңдап, Әскери ант қабылдағаннан кейін байланысшы мамандығын игерген ағалы-інілі сарбаздар бүгінде «Қарғалы» шекара бөлімшесіндегі қызметтің тыныс-тіршілігіне бейімделіп келеді.
Ал бұл дегеніңіз – алда оларды шекара соқпақтарындағы ондаған шақырымдар мен талай сынақтар күтіп тұрғанын білдіреді. Ұзақ бәйгеге бапталған тұлпарлар секілді, олар да үлкен жолдың басында тұр. Сол жолдың атауы – мемлекеттік шекараны күзету, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолы.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы


