Қарасай ауданы – инвестициялық әлеуеті жоғары өңір. Мұнда ірі кәсіпорындар мен заманауи логистикалық орталықтар жұмыс істейді. Солардың қатары тағы да толығып, Айтей ауылдық округінің аумағында, Алматы – Бішкек тас жолының бойында, «Almaty W. S.» компаниясының металл конструкциялары мен тауарлық бетон өндіретін ірі зауыт ашылды. Жоба қытайлық инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған зауыттың негізін қалаушы Тивэй Жу мырза Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған тиімді инвестициялық саясаттың зор ықпал етіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба да мемлекет қолдауының арқасында табысты жүзеге асқан.
Ол жаңа кәсіпорынның іске қосылуы – тың мүмкіндіктерге жол ашатын жаңа кезең екенін айтып, компания ұжымы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесін қосуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Әдіс Сейдақматов та жиналған қауымды жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтады. Ол аудан басшылығы инвесторларға маңызды жобаларды жүзеге асыру барысында әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
– Бұл өндіріс орнына салынған инвестицияның жалпы көлемі 4,7 млрд теңгені құрайды, – деді ол. – Көпсалалы зауытта заманауи технологиялар енгізілген. Соның арқасында мұнда жылына 300 мың шаршы метр сэндвич-панель, дәл осындай көлемде профнастил, сондай-ақ металл жабындары, С және Z профильдері, тауарлық бетон, 10 мың дана жылжымалы құрастырмалы ғимараттар мен контейнерлер, 40 миллион дана цемент блоктары мен плиткалар өндіріледі.
Әдіс Жаратбекұлы аудан тұрғындарының атынан инвесторларға, құрылысшыларға, инженерлерге және осы жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барлық азаматқа алғысын білдірді.
Дәстүр бойынша игі бастамаға Айтей ауылдық округінің қадірлі ақсақалы Серғазы Қырғызов ақ батасын берді. Одан кейін кәсіпорынның лентасы салтанатты түрде қиылды. Шараға келген қонақтар өндіріс цехтарын аралап, технологиялық үдерістің ерекшелігімен танысты. Одан соң баспасөз мәслихаты өтіп, зауыттың негізін қалаушы Тивэй Жу мен «Almaty W. S.» ЖШС директорының орынбасары Сержан Дәулеткерейұлы журналистер сауалдарына жауап берді. Олар кәсіпорынға бөлінген жер телімінің жалпы аумағы үш гектарды құрайтынын, компания кез келген күрделіліктегі металл конструкцияларын жобалау, өндіру және монтаждаумен айналысатынын, сонымен қатар мұнда жұмыстың толық өндірістік циклі жолға қойылғанын айтып өтті. Кәсіпорында сондай-ақ тауарлық бетон өндіріледі, терезелер мен есіктер жасалады, үш қабатты қабырғалық сэндвич-панель, арқалық кран, және модульдік үйлер шығарылады.
Дәстүрлі монолитті құрылыс әдісімен салыстырғанда зауыттық модульдер мен металл қаңқаларды пайдалану өндірістік ғимараттарды салу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Бұған қоса, металл конструкцияларын болтты қосылыстар арқылы құрастыру оларды оңай бөлшектеп, қажет болған жағдайда басқа орынға тасымалдауға мүмкіндік береді.
Аталған нысандағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталды. Осы кезеңде өндіріс те іске қосылды. Содан бері кәсіпорында 200 мың текше метр бетон мен 6 мың тонна металл конструкциялары өндірілді.
Зауыттың өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон өндіруге мүмкіндік береді. Осы көрсеткіштердің негізінде кәсіпорын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ең ірі өндіріс орны саналады.
Қазіргі таңда кәсіпорында 80-нен астам адам еңбек етеді. Оның 50-і – жергілікті тұрғындар, ал 20-дан астамы өндіріс технологиясын үйрететін жетекші мамандар. Алдағы уақытта жаңа, сұранысқа ие өндіріс бағыттарын игеру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Өнім өткізу мәселесіне келсек, кәсіпорын өнімдерінің 60 пайызы Алматы қаласы мен облысында сатылса, қалған 40 пайызы Шымкент қаласына және еліміздің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Болашақта кәсіпорын өнімдерін экспортқа шығару да жоспарланған. Қазірдің өзінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан тапсырыстар түсе бастаған. Бұл зауыт өнімдерінің қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетсе керек.
Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ
Қарасай ауданы


