Перейти к содержимому
Главная страница » Ұлы баба мұрасы ұлықталды

Ұлы баба мұрасы ұлықталды

Сары би Бозымұлы – қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен. Тәуке ханның  тағайындауымен бір елдің төбе биі болған. Тәуке ханның шақыруымен  жыл сайын Күлтөбедегі жиынға қатысып отырған. Билер кеңесінің құрамында «Жеті жарғы» ережелерін жасауға атсалысқан. Тарихи құжаттар деректері бойынша он жылға жауық тоқтап қалған Ресей патшалығы мен Қазақ елінің арасындағы саяси, экономикалық қарым-қатынастарды қайта жандандыру мақсатында Тәуке ханның елшісі қызметін атқарған. 1690 жылы екі ел арасындағы сауда-саттық байланысына келісім жасау үшін Тобыл қаласына барған.  Елшілік кезінде әділдікті талап еткен. 

Бұл туралы Жалағаш ауылдық Мәдениет үйінде Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология,Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институттары және Кеген ауданы әкімдігіұйымдастырған «Бозымұлы Сары би және билік дәстүрінің ұрпақтарға ұласуы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция да кеңінен айтылды. 

Конференцияның мақсаты – Сары би Бозымұлының өмірбаянымен таныстыру, ел арасында сақталған тарихи деректерді ғылыми негізде дәлелдеп, болашақта зерттеулер жүргізу, мәдени-тарихи құндылықтарды насихаттау, ұлттық дәстүр мен жетістіктерді жаңғырту, дамыту һәм танымал ету.

Айтулы  шараға  тарихшы-ғалымдар, облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат  Беспаева, Кеген ауданыныңәкімі Нұрбақыт Теңізбаев, ғалым Сағатбек Медеубекұлы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Сары би ұрпақтары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Конференцияны Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология  институты  директорының  ғылыми  жұмыстар  жөніндегі  орынбасары,  тарих  ғылымдарының  кандидаты Шамек Тілеубаев  ашып, жүргізіп  отырды. Шарада сыншы, жазушы Бағашар Тұрсынбайұлы тарихи тұлғаның өмір жолына тоқталып, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалиннің Құттықтау хатын оқып берді.

Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов арнайы бейнеүндеу арқылы конференция қатысушыларына ыстық сәлемін жеткізсе, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжановтың құттықтауын ғалым Нұржұма Елесбай жеткізді.

Шара барысында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы өзінің «Бозымұлы Сары би» атты кітабын қысқаша таныстырып, мазмұны мен кейіпкері туралы ой бөлісіп, мәліметтер келтірді. 

Жиын барысында ғалымдар халқымыздың мәдени және рухани мұрасының тағылымы туралы сөз қозғап, жаңашыл ой, тұшымды тұжырымдар жасады.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев сөз алып: «Аудан тарихы жөнді зерттелмей жатыр. Дерек жоқ кезде қиналамыз, ұрпақтарына байланысты деректерді толықтырып, зерттеулерді жалғастыра беруіміз қажет. Бұл конференция игі істің бастамасы»,– дей келе, «Сары би Бозымұлы және халық жадында сақталған әңгімелердің тарихи дерек ретіндегі ерекшелігі» атты баяндамасын көпшілікке оқып берді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меңдігүл Сағатқызы «Сары би Бозымұлының тұлғасы және халықтың  тарихи жады» атты баяндамасымен біраз жайтты әңгімелеп, Сары би туралы зерттеу жұмыстары жалғаса беретіндігін жеткізді. Мұнан соң Меркібай ақсақал, өлкетанушы Болат Сәрсенбаев тақырып  аясында  әңгіме  қозғап, ой бөлісті. ҰрпағыЖоламан аға баба ерлігі мен еңбегін әр уақыт ұлықтап жүру керектігін айтты.

Қатысушыларға ғалым Шамек Тілеубаев конференцияның қаулысымен таныстырып, шараны қорытындылады.  

Шара соңында Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әншілер Біржан Бәзілжанов, Тілеулес Құрманғалиев, Нұржан Жанпейісов, Ербақ Құрметжанұлы, Салтанат Амантұр халық әндерін шырқап, көптің алғысын алды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы