Перейти к содержимому
Главная страница » Логистика – өркендеу өзегі

Логистика – өркендеу өзегі

Қарасай ауданының Көкөзек ауылында «Mercury Logistics Solutions» компаниясының «А» санаттағы өндірістік-логистикалық кешені құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мұнда жүктерді қабылдау, сақтау, өңдеу, сұрыптау және тасымалдау қызметтері атқарылады.

Ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңінде 44 мың шаршы метр болатын инженерлік және логистикалық нысандар пайдалануға берілді. Қазірдің өзінде 135 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кешен толық іске қосылғанда өңір азаматтары үшін 1200 жаңа жұмыс орны ашылады.

Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды республикалық деңгейдегі маңызы зор кешеннің ашылуымен құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту міндеттерін Үкімет пен әкімдіктердің алдына нақты қойып отырғанын, осы бағытта Алматы облысында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Кешен тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнестің дамуына, салық базасының ұлғаюына және облыс экономикасының өсіміне оң әсерін тигізеді. Ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға да ықпал етеді. Себебі тауар тек тасымалданып қоймай, өңделіп, сұрыпталады. Соның нәтижесінде өңір экономикасына қосымша табыс түседі. Алдағы уақытта бұл кешен өнімді өңдеп, одан әрі өндіретін заманауи өндірістік орталыққа айналады.

Бүгінде Қарасай ауданы Алматы агломерациясының экономикалық өсім нүктелерінің біріне айналып отыр. Ауданның тиімді географиялық орналасуы, көлік дәліздеріне жақындығы және инженерлік инфрақұрылымының дамуы инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда», – деген Марат Елеусізұлы облыс әкімдігі алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды қолдау, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы істерді жалғастыра беретінін айтты.

Компанияның бас директоры Нұрмат Сүйерқұлов жобаның алдағы жоспарлары туралы сөз қозғады.

«Бүгін логистикалық экожүйеміздің бір бөлігін іске қостық.  Біз тауарды әлемнің кез келген нүктесінен тұтынушыларға тікелей жеткіземіз. Яғни мұнда халықаралық тасымалдау, құжат рәсімдеу, тауарды таңбалау, үлкен көлемдегі тауарларды тапсырысқа қарай бөлу, сондай-ақ өнімді маркетплейстерге, B2B клиенттеріне және басқа да тапсырыс берушілерге жеткізу қызметтері көрсетіледі. Осылайша, жеткізу тізбегінің барлық кезеңін өз мойнымызға аламыз.

Қойма 4 блоктан тұрады. Оның 2-еуі – мультитемпературалық қоймалар. Олардың ауданы 6 000 шаршы метрден асады. Мұнда -18, -22 және +0,5 градус аралығындағы температурада түрлі өнімді сақтауға болады. Бір мезетте 45 мың паллетті тауар сияды. Қойма толықтай автоматтандырылған WMS, BMS және TMS жүйелерімен жабдықталған», –  деді Нұрмат Энверұлы.

Шара барысында облыс әкімі Марат Елеусізұлы мен компанияның бас директоры Нұрмат Сүйерқұлов кешеннің лентасын қиып, қонақтар нысанды аралап көрді.

Жоба төрт кезең бойынша іске асырылады. Қазіргі таңда пайдалануға берілген кешен жанында екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Болашақта Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жаңа форматтағы заманауи логистикалық орталықтар салынады. Соңғы кезеңде кешенге теміржол тармағы қосылып, контейнерлік алаң іске қосылмақ. Осылайша, 50 гектар аумақта халықаралық талаптарға сәйкес келетін заманауи өндірістік және логистикалық хаб қалыптасады. Жобаның жалпы құны – 70 млрд теңге. Құрылыс жұмысы 2030 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рақымбаевтың айтуынша, өңірдегі «А» санатты қоймалардың саны соңғы үш жылда 44 есе артқан. Жыл соңына дейін Іле және Қарасай аудандарында дәл осындай 3 жаңа кешен іске қосылады.  Бұл еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.  Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қарасай ауданы