Қонаев қалалық кітапханасында балалар арасында байқау өткізіліп, облыстық орталық әмбебап кітапханасы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында «Кітаппен дос бол» атты көрме ұйымдастырды. Шараға кітапхана қызметкерлері, мектеп директорлары, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Жиынды Қонаев қалалық білім бөлімінің әдіскері Әсел Дәуталиева ашып, оқушылар арасындағы зияткерлік жарысқа сәттілік тіледі. «Нағыз оқитын ұлт» жобасы аясында балалар «Мақал – сөздің мәйегі», «Жылдам оқу» атты байқауында бақ сынады.
Жас буынға әдеби, таза сөйлеуді, халықтық поэтикалық жанрды насихаттауды мақсат еткен жарысқа Қонаев қаласындағы №4, №2, №3, №6 мектептің оқушылары қатысып, өз біліктіліктерін көрсетті. «Мақал сөздің мәйегі» сайысының шарты бойынша көп мақал білетін оқушылар ерекше бағаланып, өзгеше дараланды. Дегенмен, сыннан сүрінгендер де табылып, мақал жаттаудан жаңылғандар да болды.
Сайыс нәтижесі бойынша берілген уақытта 13 мақалды жатқа айтқан Ербосын Маметай III орын, 14 мақал жаттаған Айғаным Әлімжан II орын, 21 мақалды жаңылмай Ынталы Ерғали I орын иегері атанып, арнайы хатпен марапатталды.
Оқушылардың ой-өрісін дамыту және кітапты тез әрі мәнерлеп оқуға баулуды мақсат еткен «Жылдам оқу» сайысына қатысқандар да берілген уақытта әртүрлі әдеби шығармаларды оқып, белгіленген сұрақтарға жауап берді.
Оқушылардың логикалық, интеллектуалдық қабілеті сынға түскен сайыс қорытындысы бойынша Тасмина Даниярқызы III орын, Салтанат Нұраддинова II орын, Жанар Көмұнарова I орын иеленді. Жыл басынан бері аталмыш байқаулар бойынша облыстық, аудандық, қалалық кітапханаларда жеті рет сайыс өтіп, 63 оқушы қатысқан. Шара соңында облыстық кітапхана өкілдері №9 Қосқұдық орта мектебіне 100 тарихи, әдеби, танымдық кітап табыстап, алдағы уақытта аталмыш акция жалғасатынын жеткізді.
Құралбек Сәбитов
Қонаев қаласы