Шекарашылар туралы жаңа фильмнің түсірілімі мәресіне жақындап қалды. Оның басты кейіпкерлері – офицер мен оның төрт аяқты серігі, шекарашы ит Тай. Бұл туынды жайында бұған дейін де аз жазылған жоқ. Дегенмен адам мен ит арасындағы үнсіз түсіністік пен шексіз адалдыққа құрылған бұл оқиға тағы да оралып соғуға тұрарлық.
Өйткені мұнда көрерменнің жүрегін селт еткізетін тағдыр бар. Бірі – өмірінің бір бөлшегіне айналған ақылды серігін жоғалтудың ащы қасіретін бастан өткереді. Екіншісі – қаскөйлердің қолына түскен иесін құтқару үшін қауіптің қай түрінен де тайынбайды. Бұл – офицер мен иттің ғана емес, достық пен сенімнің, жанкештілік пен адалдықтың тарихы.Тай…Ерекше есім. Ерекше тағдыр. Із кесудегі алғырлығымен, иіс танудағы теңдессіз қабілетімен аты шыққан қызметтік ит бұған дейін де шекарашылар өмірін арқау еткен «Қалқан» сериалында ойнап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Сол кезде оның ақылдылығы мен айрықша болмысына тәнті болған фильмнің бас продюсері Гүлназ Тлеубек:– Бір күні мен Тай туралы фильм түсіремін, – деген еді.Айтылған сөз жерде қалмады. Осылайша, алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезді продюсердің бастамасымен шығармашылық топ ел шебіне аттанды.Түсірілімнің негізгі алаңы – ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы шекара бөлімшесі.Ал шығармашылық ұжымды қарсы алған кім дейсіз бе? Әрине, Шекара қызметінің мақтанышына айналған Тай мен оның иесі – келісімшарт қызметінің кіші сержанты Шалқар Наурызбай. Олармен бірге ҰҚК Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасының офицерлері де түсірілім жұмысына қолдау көрсетті. Ол туралы кейінірек кеңінен тоқталатын боламыз. Бүгінгі әңгіме – шекарашы мен оның сенімді серігі жайында.Бүгінде Шалқар Наурызбай Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобында қызметтік иттердің аға нұсқаушысы қызметін атқарады. Тай – оның алғашқы қызметтік иті. Бірақ олардың жолы алғаш кездескен күннен бастап-ақ өзгеше өрілді. Сол жылы ҰҚК Шекара қызметінің аясында өткен кинологтар арасындағы жарыста Шалқар бірінші орынды жеңіп алды. Әрине, бұл жеңістің артында тынымсыз еңбек, табандылық және Тайдың ерекше қабілеті тұрды. Өйткені қызметтік иттің бойындағы табиғи қасиетті аша білу – кинологтың кәсіби шеберлігіне байланысты.Із кесу, иіс ажырату, бұйрықты бұлжытпай орындау… Мұның бәрі күн сайынғы жаттығудың, шексіз төзімнің және адам мен ит арасындағы сенімнің жемісі. Мүмкін дәл осы үйлесім мен кәсібилік оларды режиссерлер мен продюсерлердің назарына іліктірген болар…Түсірілім алаңы. Бұл жолы Тайдың рөлін Қызметтік кинология басқармасынан арнайы таңдап алынған Рамир есімді қызметтік ит сомдап жатыр. Ал басты кейіпкердің өзі ше?Тай иесімен бірге түсірілім алаңын сырттай бақылап жүр. Қажет болған жағдайда әріптесіне көмектесуге әрдайым дайын. Шекарашылар тілінде мұны нағыз серіктестік дейді. Әділін айту керек, Рамир де өз міндетін мінсіз орындады. Ал Тай болса, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергенмен суретке түсіп, өзі туралы фильмнің түсіріліп жатқанын үнсіз ғана «жарнамалап» жүргендей әсер қалдырды.Біз үшін ең қызығы – тау қойнауындағы шекара бөлімшесінде түсіріліп жатқан фильмнің әр сәтіне куә болу еді. Фотоаппарат иықтан түскен жоқ. Кадр артындағы өмір кейде фильмнің өзінен де қызық көрінеді екен. Рамирдің әр қимылы, Тайдың әр қадамы назарымыздан тыс қалмады.Сол сәтте еріксіз бір ой келеді… Шекара қызметінің мерейін үстем еткен Тай өзі туралы фильм түсіріліп жатқанын сезе ме екен?Мүмкін сезетін де шығар… Өйткені адалдықтың тілін сөзбен емес, жүрекпен түсінетіндер болады. Ал Тай солардың бірі еді. Жалпақ әлемге Шекара қызметін ғана емес, иесін де танытқан Тай!.. Демек, бүгінде Қызметтік кинология басқармасында бір айлық курстан өтіп жатқан кіші сержант Шалқар Наурызбай да осал емес!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті


