Перейти к содержимому
Главная страница » Тәртіп – ортақ жауапкершілік

Тәртіп – ортақ жауапкершілік

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде мотоцикл жүргізушілеріне қатысты тұрғындардың алаңдаушылығы жиі көтеріле бастады. Қоғамдық тыныштықтың бұзылуы, әсіресе түнгі уақытта қатты шу шығаратын мотокөліктердің көбеюі – көпшілікті мазалайтын өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты жарияланған үндеу Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің назарынан тыс қалған жоқ.

Бүгінде аудан аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күн сайын профилактикалық және рейдтік іс-шараларды ұйымдастырып, әсіресе түнгі уақытта патрульдік бақылауды күшейткен. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам.

Жүргізілген тексерулер барысында түрлі заң бұзушылықтар анықталуда. Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген мотокөліктер, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған азаматтар, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің рөлге отыруы, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері тіркелген. Бұған қоса, рұқсатсыз қайта жабдықталған, қатты шу шығаратын мотоциклдер де қоғамдық тыныштыққа айтарлықтай кері әсерін тигізуде.

Осындай құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға заң аясында тиісті шаралар қолданылып, кейбір мотокөлік құралдары арнайы тұраққа қойылуда. Бұл – тек жазалау емес, ең алдымен тәртіпті қалыптастыруға бағытталған әрекет.

Алайда бұл мәселені тек полиция күшімен шешу мүмкін емес. Қоғамдық тәртіп – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әсіресе ата-аналардың рөлі ерекше. Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бейжай қарамай, олардың заң талаптарын сақтамай көлік басқаруына жол бермеу – әрбір ата-ананың міндеті. Себебі мұндай әрекеттер тек баланың өз өміріне емес, өзге адамдардың да қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Полиция қызметкерлері тек рейдтік жұмыстармен ғана шектелмей, ауыл азаматтарына мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген, қоғамдық тыныштықты бұзатын немесе кәмелетке толмағандардың басқаруындағы мотокөлік құралдарын байқаған жағдайда дереу «102» арнасына Себебі, тыныш әрі қауіпсіз орта – бәрімізге ортақ құндылық. Ал оны сақтау – әр азаматтың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.