Ұйғыр ауданы полиция бөлімінде халықпен тығыз байланыс орнатуға бағытталған «Аулаларда қабылдау» республикалық акциясы басталды. Аталған бастама азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, полиция мен тұрғындар арасындағы өзара сенімді нығайтуға және қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған.
2026 жылғы 20-26 шілде аралығында өтіп жатқан акция аясында Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерде тұрғындармен кездесулер ұйымдастыруда. Іс-шаралар жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен ашық әрі еркін форматта өтуде. Мұндай кездесулер тұрғындардың өзекті мәселелерін жасырмай, дер кезінде айтуына және оны жедел шешуге мүмкіндік береді.
Акцияның басты ерекшелігі – тұрғындардың полиция қызметкерлерімен бетпе-бет тілдесіп, құқықтық мәселелер бойынша нақты кеңес алу мүмкіндігінің болуы. Кездесу барысында азаматтар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ тұрғылықты жердегі құқықтық тәртіпті сақтау бойынша ұсыныстарын білдіруде.
Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарға заң талаптарын түсіндіріп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Бұл өз кезегінде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге оң ықпал етеді.
Жалпы, «Аулаларда қабылдау» акциясы – полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың сенімін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ұйғыр ауданы полиция бөлімі тұрғындарды аталған акцияға белсенді қатысуға шақырамыз. Себебі әрбір азаматтың пікірі мен ұсынысы қауіпсіз қоғам қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтеді.
Эльдар Тұрысбеков,
Ұйғыр АПБ
Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы
Полиция подполковнигі


