Әркім өзінің ата-бабасын мақтан тұтып, рухына тағзым етіп, құрмет көрсетіп жататыны түсінікті жайт. Атасын айтып, атқа шабатындар немесе ата-баба аруағына сыйынып, алыс жолға шығатындар қазір де кездеседі. Бүгін біз бір отбасы немесе әулетке ғана емес, бүкіл өңірге, елге танылған Әділбек Тілесұлы жайлы сөз қозғамақпыз. Тілестің Әділбегі өз заманында Алатау етегін жайлаған жұрттың маңдайына біткен жарық жұлдыз һәм мақтан тұтар ең атақты азаматтардың бірі болған десек, артық айтқандық емес.
Әділбек Тілесұлы ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келіп, ХХ алғашқы ширегінде бақилық болған. Дәлірек айтсақ, 1827 жылы туып, 1920 жылы қайтыс болған, яғни бір ғасырға жуық өмір сүрген ұзақ ғұмырлы бабамыз. Ол жастайынан зерек, ұғымтал, ойы ұшқыр, екі көзі оттай жанған, қапсағай денелі адам болған деседі. Тегі Албан ішіндегі Айт, Таңатар тармағынан тарайды. Әділбектің әкесі Тілес түрлі ауруды емдеген үлкен емші болған кісі. Сол кездегі елді жайлаған індет – қарашешек, сүзек, зертең, сары қолқа ауруларына ем жасап, алдына келген адамдардың көбін аман алып қалған көрінеді. Жұрттың бәрін ақысыз емдеген. Дәрінің бәрін шөптен, тамырдан жасаған. Өз заманының аса білгір емшісі, дарынды дәрігер, қара үзген шипагер Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» кітабы атадан балаға мұра ретінде қалып, қолдан-қолға өтіп, ғасырлар бойы қаншама адамның дертіне шипа болып келгені белгілі. Тілес те атақты Өтейбойдақтың емшілік қасиеттерін бойына сіңірген, есім-сойы бүкіл елге жайылған, емі дертке дауа емші ретінде аталады.
Әділбек атқа мінетін шаққа жеткенде, жеті-сегіз жасында әкесі Тілеске еріп, атақты Тезек төренің шақыруымен төренің ауылы Алтынемелге барады. Тезек төренің шақыру себебі – сол тұста төренің өзі ме, жоқ, әлде туыстарының біреуі ме, науқастанып қалса керек. Тілестің шипагерлігі, төрт түліктің жай-күйін жетік білуі және баласы Әділбектің өте зеректігі, ойының асқақтығы төренің ауылын тәнті етеді. Қатты риза болған Тезек төре: «Тілес, сенің ем-домыңның шипасы тиіп, туысқанымыздың беті бері қарады. Қадамы құтты қонақ болдыңдар. Енді сендер осында біраз болыңдар. Балаң сауатын ашсын. Өзі де болайын деп тұрған бала екен. Ел аралап, жұртты танысын. Биліктің қыр-сырын үйренсін. Сен өзің маған көмекші, кеңесші бол», – деп, қолқа салады. Тілес пен баласы Әділбектің Тезек төреге қызмет етуі осылай басталады. Кейіннен Тілес өз ауылында қалған үй-жайы мен бала-шағасын көшіріп алса керек.
Кісіні тез танитын Тезек төре көзінде оты бар, өзгеден ажары бөлек, саналы, ойлы баланы бірден танып, өзінің аңшы әрі құсбегі ұлының қасына қосады. Төренің ұлы қайда барса да, Әділбекті бір елі жанынан тастамай, ертіп жүреді. Екеуі күндіз аң аулап, құс салса, түнде күзетке шығып, жылқыны барымташылардан қорғайды. Одан қалды алтыбақан теуіп, ақсүйек ойынына қатысады. Әділбек әредікте шешендер, ділмарлар айтқан әңгімелерге, дау-дамайларға құлақ түріп жүреді. Жер дауы, жесір дауы, барымта дауы секілді дауларды көңіліне тоқып, әр жағдайларда айтылған билер шешімдерін жадында сақтауға тырысқан. Кейіннен өзі бүкіл Албанның ара биі болғанда, көзі көріп, көңіліне тоқығандарының пайдасы тигені анық.
Әділбек осынау сегіз жылдың ішінде аға сұлтан Тезек төремен етене жақын, жанашыр досы, баяғыша айтқанда, сүйек-тамыр болып кетеді. Ал ат жалын тартып мінген азамат болған шағында Әділбек өз бетімен тіршілік еткісі келіп, кіндік қаны тамған туған жері, атақонысы Ақшоқыға оралуды ойлайды. Осы ойын Тезек төреге білдіргенде, төре оған түсіністікпен қарап, баласындай бауыр басып қалған Әділбекке ақ батасын беріп, құрмет көрсетіп, еліне үлкен сый-сияпатымен, алдына мал салып, қошеметпен шығарып салады. Көңілі түскен төре Әділбекке екі үйір жылқы беріп, оған қоса өзінің атақты екі бірдей боз айғырын да сыйлайды. Қай елде болсын, халық арасында аты жиі аталатын, елге еңбегі сіңген, сыйлы, ардагер, абзал есімдер болады. Міне, сондай есімдердің бірі де бірегейі – Әділбек би. Жалпы, Әділбек жалғыз Айт Таңатардың ғана биі ме еді? Жоқ, ол ел ішінен ойқастап шыққан жүйрік болатын. Шежіреге сүйенсек, Ұлы жүз құрамындағы Албаннан Шыбыл мен Сары, Шыбылдан – Қызылбөрік пен Қоңырбөрік, Сарыдан – Сүйерқұл мен Таубұзар (Сүйменді), Таубұзардан Айт, Бозым және Қыстық өрбіген. Ел аузында Айт, Бозым екеуін жиі қосып айтып, «Айтбозым» деп атайды. Айттан Таңатар, Мамадайыр, Уанашы, Абыта, Бидайшы ұрпақтары шыққан. Таңатар баба – Айттың бәйбішесінен туған үлкені. Асылы, Кеген өңірінің тумасы Таңатар бабаның есімі халық жадында ел билеушісі ретінде қалған. Таңатар би қол бастаған батырлығымен танылып, асқан ақылымен елді ұйытқан. Ұлы бабаға қатысты деректер там-тұмдап шежіреде хатталып, ел аузындағы аңыз-әңгімелер арқылы бүгінгі таңға жетіп отыр.
1885 жылы елу сегіз жастағы Әділбек би болып сайланады. Бұл ел тарихындағы елеулі оқиға болды. Әділбек аузы дуалы би ғана емес, шын мәнінде, ел-жұртының қамын жеген, көпшілікке көп пайдасы тиген халық қамқоршысы еді. Әділбекті жастайынан білетін ел-жұрты оның әділ, тура би болатынынан үлкен үміт күтті һәм ол үміті ақталды да. Бұрынғы өткен хандардың жарғыларын, өзіне дейінгі аузы дуалы билердің шешендік сөздерін жаттап өскен Әділбек тілге бай, сөзге шешен, іске шебер еді. «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы қалтқысыз ұстанып, халқына адал қызмет еткен ол атына сай әділ бек, би болды. Өмірінің көбін ат үстінде өткізіп, ел арасындағы сан салалы даулы мәселелердің оңтайлы шешімін табуға, түрлі қылмыстық істерге төрелік айтуға бар күш-жігерін жұмсады.
Әділбек бидің қарапайым халыққа жасаған ізгілік, жақсылығы, тигізген шарапаты мен шапағаты, істеген ерен еңбегі ел ішінде ерекше бағаланды. Ақ сақалды, батагөй қариялардың «Бағың жанып, дәулетің тасысын, Қыдыр қонып, бақ дарысын» деп берген баталары Жаратқанның құлағына шалынып, расымен де, Әділбек бабамыздың дәулеті тасып, үш мыңдай жылқы біткен екен дейді көнекөз аталарымыз. Бидің шежіре-тарихын жақсы білетіндердің айтуынша, Әділбектің жылқысы Кеген өзеніне суатқа түскенде, аяғы (Қалыбектер отырған Жалаулы жақта) бұлақ болып қалатын көрінеді. Асылы, Әділбек атында үш үлкен тарихи атау бар екенін ескерген жөн. Оның біріншісі – Кегеннен өтіп, Ұйғыр ауданындағы Қырғызсайға қарай жүретін жолдың бойында көрінетін ақ шоқы. Ол өзі аттың жалына ұқсас, ұзыннан созыла түскен. Бұл ақ шоқы «Әділбектің ақ шоқысы» деп аталады. Жуасын теріп жеп, жусанын иіскеп өскен Ақшоқы, Сарытау ықтасын келген, қыстауға жайлы, тау қыраттарын боран үрлеп, күнгей беттерінде онша қар жатпайды, малға жайлы. Әсіресе, жылқы малы тебініп, жұқа қардан азығын тауып жеп, оншама жұтай қоймайды. Әділбектің атақонысы – осы Ақшоқы, қыстауы да осы маңда. Күздеуі – Кеген өзенінің бойындағы Жалмандыда, ал жайлауы – Қарқараның Мыңжылқысы. Екінші атау Верный – Жаркент, Қарқара – Нарынқол және қырғыздың Қарақолы бағытындағы негізгі қатынас әрі пошта жолымен байланысты. Ол Кеген өзенін басып өтеді. Өзеннен өткел тауып өту қиын болғандықтан, Әділбек ағаштан көпір салғызыпты. Әрлі-берлі өтетін жүргіншілер үшін жасалған көпір бұл өңірдегі бірден-бір басты бекет орны екен. Кеген өзеніне салынған осы ағаш көпірді көзіміз көрді. Ол 1950 жылдардың аяғында ғана бұзылып, орнына жаңа көпір салынған еді. Кейін бұл да «Әділбектің бекеті» атаныпты. Демек, қазіргі Кеген ауылының орнында Әділбек бекеті болған. Ал үшінші атау – Әділбек болысы. Сол замандарда осы маңдағы халықты топтастырып, бір болыс жасап, бұл елге Әділбектің есімі берілген. Жаркент уезіндегі 14 болыстың бірі «Әділбек болысы» атануының мән-жайы осылай. Бұл туралы Жәлел Айдарханұлының «Албандар» атты шежіре-кітабында жазылған.
Әділбек болыс Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда керуендерін ұры-қарыдан күзетіп, негізгі бекеттерге қарауыл қойып, жол қатынасын, қазіргі тілмен айтқанда, логистиканы күшейтуге, тағы басқа да маңызды саяси істерге белсене араласып, соларды ұйымдастырған. Кеген өзеніне ағаштан көпір салғызған да осы кез. Сондай-ақ, бірнеше ауылға мектеп ашып, жастарды білімге баулыған. Алматыға дейінгі қара жолға бес бекет салдырып, алтыншысын Верный қаласының түбіне орналастырған. Сол сияқты қырғыздың Қарақолына һәм Қытай шекарасына дейінгі жерлерге де бекеттер салғызған. Ол ол ма, Қарқара жәрмеңкесінің құрылыс жұмысына да үлкен үлес қосқан. Жәрмеңкеге келетін қырғыз, өзбек, ұйғыр, қытай, дұнған, тағы басқа ұлт өкілдерімен тығыз байланыста болып, Құлжаға, Қашқарға, Тәшкенге мал айдатқан.
Көз жеткен мен сөз жеткенді болжасақ, Әділбек би Тезек төре арқылы қазақтың біртуар ұлы, ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановпен достық қарым-қатынаста болғанын пайымдаймыз. Сапарғали Бегалиннің «Шоқан асулары» деген кітабында Шоқанның экспедициясы Семейде жасақталып, Аягөз арқылы Жетісу жеріне, Алтынемелден Верныйға, одан Албан еліне келіп, Кеген өзенінің бойымен жүріп, Қашқарияға өткен дейді. Шоқанның Ыстықкөл саяхаты туралы жазбаларында Албан жері Қарқара жайлауы арқылы Қызылқия асуымен жүргені айтылады. Әділбектен небәрі сегіз жас кіші Шоқан Кеген өңіріне келгенде, әрине, түсетін үйі бидің үйі болғаны сөзсіз. Ат суытып, демалып, көлік ауыстырғаны белгілі жайт. Әділбек би қырғыздың белгілі манабы Шойбаймен жақсы сыйластықта болған. Ол Шоқанды Шойбаймен таныстыру үшін жолсерік болып қырғыз еліне барған екен. Осы жолғы сапарында Шоқан Түп және Жырғалаң қырғыздарынан «Манас» эпосын қағазға түсіреді. Осылайша, Әділбек би ғалым Шоқанның Орталық Азия мен Тұрфан елі туралы тарихи зерттеулеріне аз да болса дәйекті көмек көрсеткен. Шоқанның осы саяхаттарының нәтижесінде жазған зерттеулері мен жазбалары Ресей мен Еуропа елдерінің ғалымдарын таң қалдырған. Ғалымның аталмыш еңбектері бүкілдүниежүзілік ғылымға қосқан өлшеусіз үлес екені баршамызға белгілі.
Обалы не керек, Ресей патшасы өзіне бағынышты болыстықтарды сый-сияпат, құрмет көрсетіп, марапаттап отыруды ұмытпады. Оны архив құжаттары да растайды. Патша өкіметі Әділбек бидің еңбегін жоғары бағалап, иығына оқалы шапан жауып, күміс медальмен марапаттаған. Оны Жетісу облысының генерал-губернаторы Колпаковскийдің өзі тапсырып, Әділбек бидің меценаттық рөлін айрықша атап айтқан. Бұл елеулі оқиғаның 1913 жылы өткені туралы нақты хатталып, архив құжаттарында сақталған. Осы жөнінде Айтбозым болысының болысы Әділбек Тілесов №1879 куәлікпен медаль алғаны жөнінде жазбаша түсінік те берген. Сол жолы Әділбек бимен қатар Құлжа аймағындағы Қоңырбөрік болысының биі Еспер Башин, Айтбозым болысының биі Қожеке Назаров үлкен күміс медаль мен мойынға тағатын Станислав лентасымен, Сегізсары болысының құрметті қазағы Қасаболат Үркінбаев пен Қоңырбөрік болысының болысы Кеспер Башин күміс стақан белгісімен марапатталған.
Осы жерде ұғынықты болу үшін архив деректеріне сүйенейік. Айталық, 1871 жылы Қытайға қарасты Құлжа ауданын орыс әскерлері жаулап алғанда, Айтбозым, Қоңырбөрік және Сегізсары болыстығы болған. Олардан алынған салық және болыстық һәм билер сайлаулары қағазға қатталып отырған. Ал, 1875-1877 жылдар аралығында Айтбозым болысының сайлауында болыс болып Әділбек Тілесов, үміткері Манас Дулатов сайланса, билер сайлауында бірінші ауыл биі болып Қожеке Назаров, екінші ауыл биіне Ілгедай Жанғозин, үшінші ауыл биіне Қоды Қанаев, төртінші ауыл биіне Жантелі Ақымбеков сайланады. Осыған қоса, 1876 жылы Құлжа өлкесіндегі оңтүстік участок басшысы майор Герасимовтың жүргізген санағы бойынша Айтбозым болыстығы төрт ауылдан тұрып, онда 948 түтін, 2428 ер, 2114 әйел, 763 түйе, 13746 жылқы 5180 ірі-қара, 86304 қойы бар екені көрсетілгенін айта кетейік.
Архивтен табылған тағы бір тарихи дерек мынадай да аса қызғылықты жайды ашуға сілтейді. Нақтылай көрсетсек, 1882 жылдың 25 қыркүйегінде Верный уезі бастығының екінші көмекшісі, штаб-капитан Кашкаровтың уезд бастығына жолдаған №271 рапортында былай деп баяндайды: «Құлжадағы Албандардың жер бөлу туралы съезіне болыс басшылары Әділбек пен Атабай келмей қалды, ал Кеспер мен Еспер молда Оразалыны өз аттарынан жіберген. Мен үш болысқа жер бөлу жөніндегі съезге келуге ұсыныспен Байғабатты жібергем, ол маған Айтбозым болысының қазақтары Қожеке Назаров баласы Нұрқа және туыстарымен құлжалық Албандарды Қытай бодандығында қалдыру үшін оларды үгіттеп жатқанын хабарлады. Меркі болысының қазағы Секербай Қойайдаров Қытайға өтуге келіспегені үшін анасын, әйелі, балалары, малдарын Қожеке өзімен бірге алып кеткені туралы шағымымен растады». Бұл шағын баяндама нені білдіреді? Демек, Әділбек би орыс бодандығындағы қазақ қоғамының қайшылықтарын да терең түсіне отырып, саяси күрестен де әсте тыс қалмаған.
Әділбектің Қасен, Дәмен, Құрман есімді ұлдары және Қойсын дейтін қызы болған. Қасені дәу денелі, асқан күш иесі, палуан адам болыпты һәм саятшылығымен, мергендігімен танылыпты. Айтушылардың сөзіне қарағанда, Қасен хат танитын сауаты бар, өз ісіне мығым болғандықтан, әкесі өзінің орнына болыстыққа баулып, дайындап жүреді. Бой десе, бойы, түр десе, түрі бар, сондай келбетті келген білікті азаматтың бар айыбы – оның мақау екендігі. Сол үшін оны ұлықтар сайлауға түсірмей қойған. Сонда Әділбектің өзі екінші рет болыс болады.
Әділбектің тұқымдары қорлықты, зорлық-зобалаңды көп көріп, атылды, қуылды, әбден тоз-тозы шықты. Әділбектің екінші баласы Дәмен қуғын көріп, Қытайға кетсе, үшінші баласы Құрман 1916 жылғы Қарқара көтерілісінде Қарақол түрмесіне қамалып, атылғаны көпшілікке аян. Үлкен баласы Қасенді де отызыншы жылдары бай баласы деп «НКВД» жасақтары Шәкәрімді атқан Қарасартовтар сияқты Ақшоқының етегінде үстіндегі ақ көйлегін қызыл ала қанға бояп, қуалап жүріп, атып кеткен деседі. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген кер заманның туған кезі. Қызыл өкіметтің шолақ белсенділері әйтеуір бай деп көрсеткеннің бәрін ешбір қараусыз, тексерусіз, ақ-қарасын анықтамай, сотсыз, күллісін бір тізімге жатқызып, атқанын атып, түрмеге жауып, итжеккенге айдады. Бұл қазақ қоғамына үлкен қайғы-қасірет әкелген нәубет жылдары еді. Қазақ елі жаратылысынан тап жауы, қанаушы топ дегендерді білмейтін еді. Қазақтың ауқатты адамдарының малын көбінесе өз туған-туыстары, бала-шағалары, кейбір жағдайларда жалданған кірме ағайындар өсіріп, өндіріп, көбейтіп отырған.
Сөз соңында айтарымыз, қасиетті атақонысы Ақшоқыға белгілі болыс, би, меценат, қоғам қайраткері Әділбек Тілесұлына құлпытас қойылып, Ақшоқы маңы абаттандырылып, қорым жасалса деген ұсынысымыз бар. Халықтың, жас жұбайлардың тағзым ететін, келім-кетім туристердің қызықтайтын жеріне айналса дейміз. Айтылғандай, Кеген ауылының қазіргі орнында бұрын «Әділбек бекеті» салыныпты. Тағы бір назар аударар дүние Кеген ауылының бір көшесіне келесі жылы 200 жылдығы тойланатын Әділбек бидің есімі берілсе, құба-құп болар еді.
Қуанышбек ЖАҢАБАЕВ,
қоғам қайраткері
Кеген ауданы


