Перейти к содержимому
Главная страница » Халықаралық фестивальдер Іле ауданына 10 мыңға жуық турист әкелмек

Халықаралық фестивальдер Іле ауданына 10 мыңға жуық турист әкелмек

Туризм – экономиканы әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін маңызды салалардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, бұл бағыттағы инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды көбейту және еліміздің туристік әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.
Осы міндеттерді жүзеге асыруда Алматы облысының Іле ауданында орналасқан «Первомайские пруды» демалыс аймағының орны ерекше. Табиғаты көркем, жалпы аумағы 72 гектарды құрайтын демалыс кешені бүгінде өңірдегі ірі туристік және мәдени орталықтардың біріне айналды.
Өзен-көл жағасында орналасқан кешенде заманауи жағажайлар, аквапарк, экоүйлер, вейкбординг алаңы, мейрамханалар мен отбасылық демалысқа арналған барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, мұнда халықаралық деңгейдегі концерттер мен фестивальдерді өткізуге арналған арнайы сахна мен инфрақұрылым қарастырылған.
Биыл да бұл алаңда әлемдік деңгейдегі бірнеше ауқымды музыкалық фестиваль ұйымдастырылады.
25 шілде күні «Первомайские пруды» демалыс аймағында дәстүрлі Toila Music Festival 2026 өтеді. Фестиваль аясында Қазақстан, Ұлыбритания, Канада және Ресейдің танымал орындаушылары мен музыкалық топтары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Hurts, Class, Ангел, сондай-ақ қазақстандық Dude on the Guitar, meow!, Dammitжәне DJ Akee бар.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальге Қазақстанның әр өңірінен және шетелден 10 мыңға жуық туристің келуі жоспарланып отыр.
Ал 21–23 тамыз күндері дәл осы демалыс аймағында халықаралық Park Live фестивалі өтеді. Биылғы фестивальдің хедлайнерлері қатарында әлемге әйгілі Gorillaz, Jack White, The Offspring, CeeLo Green, Bloodywood, The Kills, Glassjaw, De La Soul және басқа да шетелдік әрі қазақстандық орындаушылар бар.
Музыкалық маусым 12 қыркүйекте өтетін ауқымды электронды музыка фестивалімен жалғасады. Оның басты хедлайнері – әлемге танымал неміс диджейі Boris Brejcha.
Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, қызмет көрсету саласының дамуына серпін береді. Фестивальдер кезінде жүздеген жергілікті тұрғын уақытша жұмыспен қамтылып, қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану орындары, көлік және сауда салаларының қызметіне сұраныс артады. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканың дамуына және бюджет кірісінің ұлғаюына оң әсер етеді.
Іле ауданы бүгінде тек өндірістік әлеуетімен ғана емес, туристік мүмкіндіктерімен де танылып келеді. Осындай халықаралық іс-шаралар өңірдің туристік бренді қалыптасуына, Алматы облысының инвестициялық және мәдени тартымдылығының артуына ықпал етеді.
Музыкалық фестивальдерге қатысу билеттерін ресми билет сату платформаларынан сатып алуға болады.
Барша тұрғындар мен қонақтарды Іле ауданында өтетін халықаралық фестивальдерге қатысып, өңір туризмінің дамуына өз үлестерін қосуға шақырамыз.