2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында Конституциялық Соттың рөлі ерекше айқындалғанын осы елдің азаматы ретінде ерекше айтқым келеді. Арнайы бөлім арналып, бірнеше бап Конституциялық соттық мінждеттері мен атқаратын маңызды қызметтерін нақты көрсеткен. Соның ішінде 75 бапта бұл органның шешімдері қандай күшке ие екені және оның қарапайым адамдар үшін нендей пайдалы тұсы бар екені нақты көрсетілген. Бір сөзбен айтсақ, Конституциялық Сот – елдегі әділдікті қамтамасыз ететін ең соңғы әрі ең күшті қорғандардың бірі деуге болады.
Ең алдымен, егер қандай да бір заң немесе халықаралық келісім Конституцияға қайшы деп танылса, онда оған қол қойылмайды немесе ол мүлде күшіне енбейді. Яғни, мемлекет деңгейінде қабылданатын кез келген маңызды құжат ең алдымен Ата Заңға сай болуы керек. Мұны халықтың мүддесіне қарсы келетін заңдардың алдын алатын маңызды сүзгі деп айтар едім.
Ал егер қандай да бір заң немесе ереже бұрын қабылданып қойып, кейін Конституцияға сәйкес емес деп танылса, онда ол бірден күшін жояды. 75 бапта нақты айтылғандай, мұндай құжаттар немесе олардың кейбір бөліктері Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен бастап қолданылмайды. Бұл өте маңызды, себебі егер заң адам құқықтарына зиян келтірсе, оны ұзақ уақыт күтпей-ақ тоқтатуға мүмкіндік бар. Басқаша айтқанда, әділетсіз заңдар өмір сүрмейді.
Тағы бір маңызды нәрсе – Конституциялық Сот тек «жарамсыз» деп қана айтпайды, кей жағдайда заңды қалай дұрыс қолдану керектігін де түсіндіріп береді. Егер қандай да бір норма Конституцияға сәйкес деп танылса, онда ол дәл сол түсіндірілген тәртіппен қолданылуы тиіс. Бұл заңдарды әркім өз бетінше әртүрлі түсіндіріп кетпеуі үшін керек.
Сонымен қатар, егер халықаралық ұйымдардың немесе олардың органдарының шешімдері біздің Конституцияға қайшы келсе, онда олар да орындалмайды. Бұл еліміздің ішкі заңдарының, әсіресе Конституцияның ең жоғары орында екенін көрсетеді.
Ең бастысы – Конституциялық Соттың шешімдері бірден күшіне енеді және олар бүкіл ел бойынша міндетті болып табылады. Оларды ешкім өзгерте алмайды және оларға шағым да жасалмайды. Яғни, бұл – соңғы нүкте. Бұл жүйе бір жағынан әділ шешімнің тез орындалуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан созбалаңға салынатын даулардың алдын алады.
Қарапайым халық үшін бұл нені білдіреді? Бұл – әр адамның құқығы шын мәнінде қорғалатынын білдіреді. Егер сіздің құқығыңызға қайшы келетін заң болса, ол заң ұзақ уақыт бойы күшінде тұрмайды. Конституциялық Сот арқылы әділеттілік тез орнайды. Сонымен қатар, мемлекет қабылдайтын заңдардың сапасы да артады, себебі олар кез келген уақытта тексерілуі мүмкін.
Нұргүл Тұрсынова,
заңгер
Ұйғыр ауданы


