Қазіргі уақытта интернетте алаяқтық көбейіп кетті, сондықтан онымен күресу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай, Кеген аудандық Жастар орталығында «Тоқта, интернет- алаяқтық!» тақырыбында жастармен маңызды кездесу өтті.
Кездесуге аудандық полиция бөлімінің өкілдері, майор Думан Нұрбатырұлы және аға лейтенант Жандос Сайлаубекұлы, аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Мерғалиұлы, орталықтың психолог-маманы Гүлнәз Толонқызы, аудан жастары қатысты.
- Жиі кездесетін интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтеннің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр, — деген аудандық полиция бөлімінің өкілі, майор Думан Нұрбатырұлы интернет-алаяқтық және одан қалай сақтану керектігі туралы айтып, алаяқтардың жаңа айла-әрекеттері туралы ескертіп өтті.
«Заң мен тәртіп» аясында өткізілген кездесуде жастарға ақпараттық қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, яғни белгісіз сілтемелерге өтпеу, банктік деректерді құпия сақтау, жеңіл олжаға қызықпау жөнінде жастарға ескертпе қағаздары таратылды. - Жастар, алаяқтардың құрбаны болмаңыздар! Ең бастысы-жеке ақпаратыңызды әрқашан қорғай біліңіз! — деген аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Мерғалиұлы жастарды қырағы болуға шақырды.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаудың басты жолы — сақтық. «Сақтық бар жерде қауіп жоқ», — деген. Осыны әсте естен шығармағанымыз абзал.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы


