Перейти к содержимому
Главная страница » «Ауладағы қабылдау» – Дардамтыда

«Ауладағы қабылдау» – Дардамтыда

Үстіміздегі жылдың 20–26 шілде күндері аралығында республика көлемінде ұйымдастырылған «Ауладағы қабылдау» акциясы аясында Дардамты ауылдық округінде тұрғындармен маңызды кездесу өтті. Аталған шараға Ұйғыр ауданы Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Жігер Орманбек қатысып, ауыл тұрғындарымен жүздесті.

Кездесу барысында ауыл тұрғындарының жеке өтініштері мен ұсыныстары қабылданып, әрбір мәселе бойынша заң аясында нақты әрі түсінікті кеңестер берілді. Азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелерге қатысты жан-жақты жауап алды.

Іс-шара кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет алаяқтықтан қорғану, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция қызметкері тұрғындарға сақтық шараларын күшейтіп, заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

Бұл кездесудің басты мақсаты – халық пен полиция арасындағы кері байланысты нығайту, тұрғындардың өтініштерін жедел қарау және құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру. Осындай қабылдаулар азаматтардың құқықтық сауатын көтеріп қана қоймай, қоғамдағы заң мен тәртіптің нығаюына да өз үлесін қосары анық.