2026 жылдың 20-26 шілде күндері аралығында республика көлемінде өтіп жатқан «Ауладағы қабылдау» акциясы Сүмбе ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Аталған шараға Ұйғыр ауданы Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Бақыткелді Бейбарыс қатысып, ауыл тұрғындарымен жүздесіп, азаматтарды жеке қабылдады.
Кездесу барысында тұрғындардың түрлі мәселелері мен өтініштері мұқият тыңдалып, әрқайсысына заң аясында нақты түсіндірмелер берілді. Азаматтар әсіресе тұрмыстық құқықтық мәселелер, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік және күнделікті өмірде жиі кездесетін құқық бұзушылықтар жөнінде өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Сонымен қатар полиция қызметкері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын сақтау бағытында профилактикалық кеңестер берді. Тұрғындарға сақтық шараларын күшейту, алаяқтық әрекеттерден сақ болу, сондай-ақ құқықтық мәдениетті арттырудың маңыздылығы түсіндірілді. Әр тұрғын өз мәселесімен аудангдық полиция бөліміне бара бермейтіні анық. Бірі оны ұят санаса, бірі жұмыс бабымен жолы түспей жатады. Ал әр тұрғынның құқық қорғау қызметкерлеріне қояр сауалы да, өзекті мәселесі де жетерлік. Сондықтан осындай аулаларда қабылдау жасау халық пен полиция арасындағы байланысты нығайтып, өзара сенімді арттыруға ықпал етері анық. «Ауладағы қабылдау» акциясының басты мақсаты да – тұрғындардың мәселесін дер кезінде тыңдап, нақты көмек көрсету арқылы қоғамдағы заң мен тәртіпті нығайту.


