Тәуелсіз Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бүгінде елімізде ауқымды саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Осы үдерісте қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын нығайтып, халықтың пікірін мемлекеттік саясатпен ұштастыратын маңызды институттың бірі – Ұлттық құрылтай.
Ұлттық құрылтай – бұл тек кеңесші орган ғана емес, қоғамның сұранысын тыңдайтын, елдің ертеңіне қатысты маңызды мәселелерді талқылайтын және ұлттық бірлікті нығайтатын қоғамдық диалог алаңы. Құрылтай жұмысына еліміздің әр өңірінен келген қоғам қайраткерлері, ғалымдар, еңбек адамдары, жастар, мәдениет және білім саласының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қатысып, өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салады.
Бүгінгі таңда Ұлттық құрылтай мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындауға ықпал ететін маңызды қоғамдық институтқа айналды. Мұнда көтерілген бастамалар заңнамалық өзгерістерге, мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануына және қоғам өміріндегі оң өзгерістерге негіз болып келеді. Бұл – халықтың үні ескерілетін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі.
Құрылтай отырыстарында ұлттық бірегейлікті сақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тарихи-мәдени мұраны қорғау, жастар тәрбиесі, отбасы институтын нығайту, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, білім беру сапасын арттыру, балалардың құқықтарын қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және өңірлердің теңгерімді дамуы сияқты ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар мәселелер жан-жақты қарастырылып келеді.
Әсіресе, қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру – Мемлекет басшысы айқындаған басты басымдықтардың бірі. Заң үстемдік құрған мемлекетте ғана әділеттілік орнап, азаматтардың құқықтары толық қорғалады. Сондықтан құқықтық мәдениетті арттыру, жастардың бойына адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттерді сіңіру – баршамызға ортақ міндет.
Ұлттық құрылтайда отбасы құндылықтарын сақтау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де ерекше назарда. Өйткені мемлекеттің болашағы – бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты. Балалардың сапалы білім алып, қауіпсіз ортада өсіп-жетілуі, құқықтарының қорғалуы – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың табысты болуы азаматтардың белсенді қолдауына да байланысты.
Құрылтайда көтерілген бастамалардың тағы бір маңызды қыры – қоғамдық бірлік пен татулықты нығайту. Қазақстан – түрлі этнос пен мәдениеттің ортақ шаңырағы. Сондықтан ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, өзара құрмет пен келісімді нығайту – тәуелсіздігіміздің ең басты кепілі. Бірлігі бекем ел ғана жаһандық сын-қатерлерге төтеп беріп, тұрақты дамуға қол жеткізе алады.
Бүгінде қазақстандықтар Ұлттық құрылтайдың жұмысына үлкен сеніммен қарайды. Себебі мұнда айтылған ұсыныстар ел өмірінде нақты жүзеге асып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталуда. Бұл – қоғам мен мемлекеттің өзара сенімі мен жауапкершілігінің жарқын көрінісі.
Ұлттық құрылтай – өткенді ұлықтап, бүгінгі міндеттерді саралап, болашаққа бағыт-бағдар беретін маңызды институт. Ол халықтың бірлігі мен елдің тұтастығын нығайтып қана қоймай, әрбір азаматтың мемлекет тағдырына деген жауапкершілігін арттырады.
Ел тағдыры – баршамызға ортақ. Сондықтан Мемлекет басшысы бастамашы болған реформаларды қолдау, заң мен тәртіпті сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақты тәрбиелеу және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Бірлік пен ынтымақты ту еткен халық қана қуатты мемлекет құрып, келешек ұрпаққа берік әрі өркендеген Қазақстанды аманат ете алады.
Мадияр Шарапов,
Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы


