Перейти к содержимому
Главная страница » Қыз – қоғамның айнасы

Қыз – қоғамның айнасы

Қазіргі қоғамда сыртқы жылтыраққа қызығып, бренд қуған қыздар көп болғанымен, рухани байлықты басты орынға қоятындар да аз емес. Қазақтың бойына біткен тәлім-тәрбиеден алшақтап, жат жұрттың менталитетіне еліктеу бүгінгі күннің басты дертіне айналғандай.

Тренд қуып, өміріңнің әрбір бағалы минутын әлеуметтік желіге сарп ету – уақытты желге ұшыру деген сөз. Арзан хайп пен уақытша танымалдылықтың соңы неге апармақ? Әліптің артын бақсақ, бәрі де бір нәтижеге келіп тіреледі. Ол – рухани құлдырау. Өзіңді өзгемен салыстырып, әлеуметтік желідегі ойдан құралған өмірге ілесемін деп, өз сеніміңді жоғалту оңай.
Алайда қазақтың тектілігі мен заман талабын ұштастыру мүмкін емес деп кім айтты? Қуыс кеуде болмау үшін білім мен тәрбиені тең ұстаған жөн. Қазақ қызына тән биязылықты жоғалтпаған қыз – кез келген ортаның көркі.
Әрбір адам үшін жеңіл өмір мен түрлі жылтырақтарды жарнамалайтын әлеуметтік желілер парақшасында емес, тарих бетінде қалатын тұлға болуға талпыну басты мақсат болуы тиіс. Білімге құштарлық, отбасылық құндылықты ардақтау – міне, нағыз тренд осы. Ертеңгі күннің көшбасшысы, ұлттың болашағын тәрбиелейтін ана атанғысы келетін арулар ойының тереңдігімен, білімінің салмағымен оқ бойы озық тұратыны айдан анық.
Қоғамның даурықпа пікіріне емес, өз құндылықтарымызға сүйенсек қана біз жасандылықтың тұманынан арыламыз. Қазақ қызының қадірін арттыру – әрқайсымыздың қолымызда!

Мерей Қарашбай
Іле ауданы