Перейти к содержимому
Главная страница » Құрылыс алаңын аралады

Құрылыс алаңын аралады

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде салынып жатқан әлеуметтік маңызы зор нысандарды аралады. Аймақ басшысы тұрғындарды ауызсумен қамту, сорғы стансасын салу, егін шаруашылығында қолданылатын каналдарды жаңғырту, аурухана мен Мәдениет үйінің күрделі жөндеуі мен жағалауды абаттандыру барысымен танысты.

Алдымен облыс әкімі Қонаев қаласы маңын­дағы сорғы стансасы орнатылатын алаңға барды. Тәулігіне 25 мың текше метр кәріз суын тазартатын кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба негізінде ұзындығы 36 шақырым болатын коллектор, үш кәріз-сорғы стансасы және барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым салынады. Станса іске қосылғанда қаладан шығатын шайынды сулар сүзгіден өтіп, жағымсыз иіс пен экологияға тигізер зардабы азаяды. Ал тазартылған су техникалық мақсатта қолданылып, ауыл шаруашылығы мен суару жүйесіне пайдаланылады.
Қазіргі таңда құрылысқа қажетті барлық қолайлы жағдай жасалып, бекітілген жоспарға сәйкес іске асырылуда. Жобаның жалпы құны – 33,1 млрд теңге. Нысандағы барлық жұмыс келесі жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады. Мұнда 100-ден астам адам еңбек етіп, 43 арнайы техника жұмылдырылған.
«Егер су жеткіліксіздігі туындаса, Іле өзенінен су тарту керек. Сондай-ақ кәріз-сорғы стансасының айналасына жың­ғыл, тораңғы сияқты ағаштарды отырғызып, көгалдандыру жұмысын жүр­гізуге болады», – деді аймақ басшысы.
Бүгінде құрылысшылар жер қазу жұмысын аяқтап, инженерлік желі­лерді тартып, негізгі технологиялық жабдықтарды монтаждауға дайындық жасауда. Қажетті материалдар мен жабдықтардың бір бөлігі нысанға жеткізілген. Жаңа кешен іске қосыл­ғанда кәріз суын заманауи талапқа сай тазартуға мүмкіндік туады әрі қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді. Жағымсыз иістің таралуына жол бермей, тұрғын­дардың экологиялық таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалады.
Аймақ басшысы әрі қарай Шеңгелді ауылындағы «Smart Adam Agro» ЖШС-на жол тартты. Компания құны 1,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Кәсіпорын 900 гектар суармалы алқапта автомат­тандырылған суару жүйесін енгізіп жатыр. Биыл 200 гектар жерге күздік дақыл егілген. Оның 190 гектарына қыша, 10 гектарына зығыр себілді. Шаруашылықта жоңышқа мен қызанақ та өсіріледі. Көктемде жоңышқа алқабын 400 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Smart Adam Agro» ЖШС директоры Ержан Ибекеев өндіріс қуаты мен алдағы даму жоспары туралы баяндады.
«Біз инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартып, құбыр желілерін, трансформаторлық қосалқы стансаларды жаңғыртып жатырмыз. Келесі кезеңде 6 жаңбырлатып суару қондырғысын орнатып, тәулігіне 150 тонна қызанақ өңдейтін терең өңдеу зауытын, түйіршіктелген жоңышқа өндіретін цехты іске қосуды және мал шаруашылығы нысандарын салуды жоспарлап отырмыз», – деді Ержан Ибекеев.
Марат Сұлтанғазиев заманауи агротехнологияларды енгізу, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және қайта өңдеу өндірісін дамыту азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болатынын айтты. Сондай-ақ облыс әкімдігі тарапынан тиісті шешімдерді қабылдап, қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.
Аймақ басшысы одан әрі Қапшағай жағалауына барды. Биыл Қонаев жағажайына 2 млн-нан астам турист келеді деп күтілуде. Ал шаһарда 6 коммуналдық жағажай бар. Меймандар санының артуына орай олардың талапқа сай болуы аса маңызды.
Қазіргі кезде №4, 6, 7, 8 және солтүстік жағалауда абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Аталған аумақта қонақүйлер, мейрамханалар, шағын сәулеттік нысандар, санитарлық тораптар мен ойын-сауық алаңы салынуда. Осыған орай Марат Елеусізұлы инвесторлар атқарып жатқан жұмысқа құлақ түрді. Мәселен, №4 жағалауда жеке компания мейрамхана құрылысын бастауға ниетті. Ал солтүстік жағалауда инвесторлар экологиялық саябақ, сауда орындары мен өзге де қажетті нысандарды салмақшы. Бұл қосымша жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Ал аймақ басшысы халыққа қолайлы жағдай туғызатын жобаларды әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізді.
Облыс әкімі табан тіреген келесі нысан – Іле ауданы Боралдай кентінде бой көтерген Мәдениет үйі. Ғимараттың жалпы аумағы – 1 950,63 шаршы метр. Нысан екі қабаттан тұрады. Қыркүйек айында толығымен пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмысын аяқтау үшін қосымша қаржы бөлу мәселесі қаралуда.
Бүгінде 60 мыңнан астам тұрғыны бар Боралдай ауылында осы уақыт­қа дейін Мәдениет үйі болмаған. Сондықтан жаңа нысан ауыл тұрғын­дарының мәдени өміріне серпін беріп, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік бермек.
«Қаржыландыру мәселесіне қатыс­ты әкімдік тарапынан толық қол­дау көрсетіледі. Ал мердігер мекеме жұмысты тоқтатпай, ғимаратты белгі­лен­ген мерзімде аяқтауы тиіс», – деді облыс әкімі.
Марат Елеусізұлы сондай-ақ Іле ауданы Қараой ауылдық округіндегі «Чала», «Құралас» және «Қосөзен» магистральдық каналдарын қайта жаңғырту жобасы іске асырылып жатқан алаңда болды. Жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда аталған каналдар арқылы 2 090 гектар ауыл шаруашылығы жері суғарылып жатыр. Жоба толық аяқталған жағдайда бұл көрсеткіш
2 815 гектарға жетіп, қосымша 725 гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.
Іссапар кезінде аймақ басшысы Қаскелең қаласындағы аудандық көпбейінді аурухананға арнайы барды. Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан күрделі жөндеудің бүгінде 80 пайызы дайын. Жоспарға сәйкес, 1 қазанға дейін емхана мен қосалқы ғимараттар пайдалануға берілсе, 1 желтоқсанға дейін стационардың негізгі корпусы толық аяқталады.
Емханада бір ауысымда 500 адамға көмек көрсетіледі. Ал стационар 600-ден астам төсек-орынға шақталған. Құрылыс барысында инженерлік-коммуникациялық желілер толық жаңартылды. Сондай-ақ ота бөлімшесі де санитарлық талаптарға сай келетін­дей жабдықталуда.
Облыс әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударып, мердігер ұйымға барлық жұмысты белгіленген мерзімде әрі талапқа сай аяқтауды міндеттеді. Жаңғыртылған аурухана іске қосылған соң Қарасай ауданы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артады.
Бүгінде Қарасай ауданының Кемертоған ауылында су құбыры жүйесі жаңартылып, жаңғыртудан өтуде. Жоспар бойынша әрқайсының сыйымдылығы 1 400 текше метр болатын екі резервуар, екі су ұңғымасы салынып, ұзындығы 184 шақырымнан асатын магистральдық және абоненттік су желісі тартылады. Нәтижесінде 18 мың тұрғын таза ауызсумен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 4,7 млрд теңге. Құрылыс жұмысы келесі жылдың аяғына дейін толық аяқталады. Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар мен матариалдар әкелініп, 10 шақырым манистральды желі салынды. Биылға қажет 2,4 млрд теңге қаражат толығы­мен бөлінген.
Кемертоған ауылында 40 мыңнан астам халық бар. Тұрғындар саны күн санап артып келеді. Сол себепті су жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Көбі ауласындағы құдық суын пайдаланады. Бірақ оның сапасы өте нашар. Сондықтан қолға алынған жобаны жедел іске асыру өте маңызды. Іссапар барысында Марат Сұлтанғазиев құры­лыс алаңына барып, жұмыс барысын тексерді. Аймақ басшысы су желісінің сапасына ерекше мән беру керегін баса айтып, халық игілігі жолындағы жобаны мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қонаев қаласы, Қарасай, Іле аудандары