Перейти к содержимому
Главная страница » Қауіпсіздік – басты міндет

Қауіпсіздік – басты міндет

Ауылымызда, яғни Ұйғыр ауданы Қырғызсай ауылдық округінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суға шомылу ережелерін түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған іс-шара барысында ауыл тұрғындарына, әсіресе көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлініп, су айдындарында орын алуы мүмкін қауіптердің алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді.

Шара аясында жауапты мамандар мен ұйымдастырушылар тұрғындарға арнайы дайындалған нұсқаулық парақшаларын таратып, балаларды қараусыз қалдырмау, белгіленбеген жерлерде суға түспеу, құтқару құралдарын пайдалану және төтенше жағдайларда әрекет ету тәртібі жөнінде нақты мәліметтер берді. Сонымен қатар, жаз мезгілінде суға шомылу кезінде жиі кездесетін қайғылы жағдайлардың себептері айтылып, олардың алдын алу жолдары кеңінен насихатталды. Ата-аналардың жауапсыздығы мен сақтық шараларының сақталмауы салдарынан жылына түрлі қайғылы оқиғалар болатыны жасырын емес. Міне, осындай жайттардан нақты мысалдар келтірген мамандар, ең әуелі жаз мезгілінде балаларды қараусыз қалдырмауды тапсырды.

Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, әр отбасыға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары алдағы уақытта әрбір отбасына бас сұғып, профилактикалық шараларды жалғастырып, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға жұмыс істейді.

Жәнібек Айғожаев

Қырғызсай ауылдық округінің әкімі