Қазақстандық жолшылар Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан аумағын қамтитын IX Халықаралық автошеруге қатысты. 20–28 шілде аралығында өтетін халықаралық іс-шара Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің бастамасымен, ТМД Атқарушы комитетінің, салалық министрліктер мен халықаралық жол ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырылған. Жалпы ұзындығы шамамен 2 мың шақырымды құрайтын бағыт үш мемлекеттің көрікті әрі тарихи орындарын, сондай-ақ таулы өңірлердегі автомобиль жолдарын қамтиды.
26 шілдеде автошеруге қатысушылар Қазақстан–Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы «Кеген» өткізу пункті арқылы еліміздің аумағына кірді. Осы кезеңнен бастап халықаралық автошеруге қазақстандық жол саласының өкілдері де қосылды. Қазақстандағы бағдарламаға жол ұйымдарының мамандары, салалық қауымдастықтардың, ғылыми ортаның және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысуда.
Халықаралық автошеру 27 шілде Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университетінде жалғасты. Мұнда «Қазақстан автомобиль жолдарының жай-күйі, мәселелері және даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, ТМД Атқарушы комитетінің, Жолшылардың үкіметаралық кеңесінің, жол ұйымдарының, халықаралық институттардың, ғылыми қауымдастықтың, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің өкілдері қатысты.
Өз сөзінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Марат Махамбетов көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекеттердің ортақ стратегиялық міндеті әрі халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
– Бүгін осы залда жол саласының жетекші мамандары мен сарапшылары, мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың, бизнестің және халықаралық салалық ұйымдардың өкілдері бас қосып отыр. Сіздердің қатысуларыңыз көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекеттеріміздің ортақ стратегиялық міндеті әрі халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі екенін айқын көрсетеді, – деді Марат Махамбетов.
Оның айтуынша, конференция кәсіби пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және автомобиль жолдарын жобалау, салу мен пайдалану саласындағы заманауи технологияларды, цифрлық шешімдерді, инновациялық материалдарды енгізу, сондай-ақ инженерлік кадрларды даярлау мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналды.
Конференция барысында халықаралық көлік дәліздерін дамыту, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, интеллектуалды көлік жүйелері мен цифрлық технологияларды енгізу, заманауи материалдар мен жабдықтарды пайдалану, сондай-ақ ТМД елдерінің жол әкімшіліктері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Жалпы, IX Халықаралық автошерудің негізгі мақсаты – халықаралық автомобиль жолдары мен таулы аймақтардағы жол құрылыстарының жай-күйіне мониторинг жүргізу, автомобиль жолдарын жобалау, салу және пайдалану саласындағы үздік тәжірибелермен алмасу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, көлік дәліздерін жетілдіру және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру.
«ҚазАвтоЖол» АҚ» ҰК Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі

