Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің басты кепілі – отбасының амандығы мен берекесі. Себебі отбасы – әрбір азаматтың алғашқы тәрбиесін қалыптастыратын орта. Сондықтан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қазақстан Республикасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында заңнамалық шаралар жыл сайын жетілдіріліп келеді. Мемлекет азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше назар аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады.
Зорлық-зомбылық тек дене жарақатын салумен шектелмейді. Ол психологиялық қысым көрсету, қорқыту, балағаттау, экономикалық тәуелділікке мәжбүрлеу немесе адамның еркін шектеу арқылы да көрініс табады. Мұндай әрекеттер адамның денсаулығына, психологиялық жай-күйіне ғана емес, балалардың тәрбиесіне, отбасының бірлігіне және қоғамдағы тұрақтылыққа да кері әсерін тигізеді.
Соңғы жылдары заңнамаға енгізілген өзгерістер тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға қатысты жауапкершілікті күшейтті. Бүгінде құқық қорғау органдары әрбір хабарлама бойынша жедел әрекет етіп, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қорғау нұсқамаларын шығаруға және құқық бұзушылардың жауапкершілігін қарастыруға міндетті.
Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, тұрғындармен түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, әлеуметтік қызметтермен, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлескен іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті құқықтық және консультативтік көмек көрсету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Егер өзіңіз немесе жақындарыңыз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болсаңыздар, үнсіз қалмаңыздар. Уақытылы хабарлау көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алып, адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Көмек сұрау – әлсіздіктің емес, өз құқығыңызды қорғауға деген батыл қадамның белгісі.
Әрбір азамат заң талаптарын құрметтеп, өзара сыйластық пен жауапкершілік қағидаларын ұстанған жағдайда ғана қауіпсіз әрі берекелі қоғам қалыптастыра аламыз. Отбасындағы татулық – елдің тұрақтылығы мен болашағының берік негізі.
Гүлназ Сұлтанай,
Еңбекшіқазақ АПБ ҚҚБ Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны

