Ұйғыр ауданында тазалық мәселесіне соңғы уақытта ерекше көңіл бөлінуде. Көшелердің көркі мен ауылдардың ажары – ең алдымен сол жерде тұратын халықтың мәдениеті мен жауапкершілігінің айнасы. Осыны ескерген аудан прокуратурасы заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізуді жалғастырып келеді.
Осы уақытқа дейін аудан аумағында полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп рейдтік және мониторингтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде. Бұл тек тексеру үшін емес, ең алдымен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылуда.
Кей ауылдарда бейберекет тасталған қоқыс үйінділері әлі де кездеседі. Мұндай жағдайлар қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, тұрғындардың денсаулығына да қауіп төндіреді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тек жазалау шараларымен шектелмей, алдын алу шараларымен қатар жүргізілгенде ғана нәтиже оң болмақ. Сол себепті аудандық прокуратура, полиция бөлімі мен жергілікті атқарушы орган мамандары бірлескен рейдтік жұмыстарды тағы да жүргізді. Аудан орталығы Шонжы ауылында ғана жүргізілген жұмыс нәтижесінде бірқатар ауыл тұрғынына ескерту жасалды. Тіпті анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 13 азамат елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін, 2 адам қоғамдық орындарды ластағаны үшін жауапқа тартылды.
Бұл көрсеткіштер – заң талаптарын елемеудің салдары қандай болатынын көрсететін нақты мысал. Әрбір азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарамаса, мұндай жағдайлар қайталана берері анық. Ал қадағалау органы алдағы уақытта да жергілікті билікпен бірлесе отырып, аумақтарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту, профилактикалық шараларды күшейту жұмыстарын жалғастыра бермек.
Тазалық – баршамызға ортақ жауапкершілік. Әркім өз ауласынан бастап тазалық сақтаса, бүкіл ауданның келбеті өзгереді. «Тазалық – денсаулық кепілі» дейміз. Ендеше қоршаған ортамызды таза ұстап, болашағымызға туған жеріміздің келісті келбетін аманат ету – баршамыздың міндетіміз.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы

