Иә, Тәуелсіз еліміз дамудың жаңа бағдарына аяқ басты деп айтуға толық негіз бар. Жаңару кезеңінің басында биылғы шілдеден бастап қолданысқа енгізілген жаңа Конституция тұрғаны анық. Міне, алдағы Құрылтай сайлауы Тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріппен жазылатын маңызды оқиға болғалы тұр деп санаймын. Біздің елде бұған дейін заң шығарушы органның атауы шет тілінде аталып келсе, енді қазақтың «Құрылтай» деген, тарих қойнауында ізі қалған атауды қайта жаңғыртып отырғаны қуантарлық. Жаңа Қазақстанды құру – мемлекеттің алдында тұрған, жарқын болашақты көздейтін аса маңызды міндет десек, заманға сай даму жолына жаңа атаумен түскеніміз жөн-ақ. Иә, аты затына сай, халықтың мүддесін бәрінен жоғары қоятын заң шығарушы орган құрылады деп ойлаймын. Құрылтай депутаттығына отаншыл, адал, өз кәсібінің шебері болған азаматтар сайланатынына да үмітіміз зор. Ендеше, маңызды саяси науқанның ойдағыдай өтуіне көп болып атсалысайық дегім келеді. Елім, жерім деген ұлтжанды азаматтардың саяси додада бағы жансын деп тілеймін.
Қарлығаш Нәдірбекова
С.Оспанов атындағы орта мектеп директоры
Жамбыл ауданы

