2026 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан тарихи құжат ретінде бағалануға лайық. Президент өз сөзінде мемлекеттіліктің эволюциялық жолмен дамып келе жатқанын атап өтіп: «Біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз», – деп нақты айтты. Бұл еліміздің саяси жүйесінде сапалы өзгерістердің басталғанын көрсетеді.
Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияның күшіне енуі және басқару жүйесінің жаңғыруы – тарихи бетбұрыс. Әсіресе, Президенттің «Бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады» деген сөзі реформалардың терең әрі жүйелі сипатқа ие екенін айқындайды. Мұндай өзгерістер мемлекет басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сөз барысында Парламенттің рөліне жоғары баға берілді. Мемлекет басшысы депутаттардың еңбегін атап өтіп: «Сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер», – деп олардың жауапкершілігін ерекше көрсетті. Бұл – заң шығарушы биліктің ел тағдырындағы маңызын айқындайтын маңызды тұжырым.
Президент халықаралық жағдайдың күрделеніп отырғанын да жасырмай: «Еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды», – деп нақты ұстаным білдірді. Бұл қоғамға сенім мен тұрақтылықтың қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар экономиканы дамыту, инфляцияны төмендету, жаңа өндірістер ашу мәселелері нақты міндет ретінде қойылды.
Мемлекет басшысы ұсынған негізгі бағыттардың бірі – экономиканы жаңа үлгіге көшіру. «Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет. Бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық. Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағдай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлер аз емес. Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет», – деп экономиканы алға жылжыту үшін жаңа көзқарас қажеттігін айтып, бірқатар міндеттер де жүктеді. Сонымен қатар адам капиталына ерекше назар аударылды. Президент: «Иинфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар: бұл – адам әлеуетінің сапасы», – деп атап өтті. Бұл – білім мен ғылымның, жалпы адами ресурстың басты құндылық екенін білдіреді.
Жалпы алғанда, бұл сөз – елдің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Онда саяси реформалар, экономикалық жаңғыру, цифрландыру және әлеуметтік саясат сияқты негізгі бағыттар қамтылған. Президенттің ұстанымы – әділетті, қуатты және заманауи Қазақстан құру. Бұл мақсатқа жету үшін қоғам мен мемлекет бірлесе әрекет етуі қажет.
Нұрсұлтан Болатұлы,
Ұйғыр аудандық мәслихат депутаты

