Жамбыл аудандық кітапханасында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Келісім мен заң үстемдігі – тұрақты қоғам негізі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді. Онда қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, заң талаптарын сақтаудың маңызы туралы айтылды.
Ұзынағаш ауылының тұрғындары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысқан басқосуды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айткүл Медеуова ашып, 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуіне байланысты елімізде болатын бірқатар маңызды өзгерістерден хабардар етті. Жиында облыс орталығынан арнайы келген мамандар заң үстемдігі төңірегінде жан-жақты баяндады. Бұл ретте облыстық қоғамдық келісім және даму орталығы басшысының орынбасары Айымжан Тәңірбергенова кіріспе сөз сөйлеп, жиынды жүргізіп отырды. «Талдау және болжау орталығы» мекемесі басшысының орынбасары Марлен Бурашев «Қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық мәдениетті нығайтудың заманауи үрдістері: талдау және болжау» тақырыбында баяндама жасады.
Жиында аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Сырым Әуесханов «Заң талаптарын сақтау – қоғам тұрақтылығының кепілі» атты хабарламасында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. «Заңгер кабинеті» ЖШС» құқықтық компаниясының директоры, заңгер, кәсіби медиатор Назарбек Игіліков дауларды бейбіт жолмен шешу және қоғамдық келісімді нығайтудағы медиацияның маңызы туралы әңгімеледі. Сондай-ақ Қарғалы ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, облыстық «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі Исмаилжан Иминов «Бұқаралық ақпарат құралдарының құқықтық мәдениет пен қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында өзінің ой-пікірін ортаға салды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

