Перейти к содержимому
Главная страница » Алаяқтың айласына жол бермейік!

Алаяқтың айласына жол бермейік!

Қазіргі таңда интернет технологияларының қарқынды дамуы тұрғындардың өмірін жеңілдеткенімен, киберкеңістіктегі алаяқтық әрекеттердің де көбеюіне жол ашып отыр. Әсіресе, өзін банк қызметкері ретінде таныстыру, жалған интернет-дүкендер ашу, оңай табыс пен инвестиция ұсыну арқылы азаматтардың қаржысын иемдену фактілері жиілеп келеді. Сондықтан интернет-алаяқтықтың алдын алу – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Осы бағытта Балқаш ауданы Полиция бөлімі интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Балқаш ауданы Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Шәкәрім Әбдібеков пен Бақанас ауылдық округі әкімі Эльмира Байгуатова аудан тұрғындарымен кездесіп, соңғы уақытта кеңінен таралған алаяқтық тәсілдері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар азаматтарды күмәнді телефон қоңырауларына сенбеуге, өзін банк немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстыратын белгісіз адамдардың сөзіне ермеуге, жалған интернет-дүкендер мен күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмауға шақырды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындарға арнайы ақпараттық жадынамалар таратып, жеке деректерді, банк картасының реквизиттерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын және құпиясөздерді ешкімге бермеу қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ кез келген қаржылық операцияны жүзеге асырмас бұрын ақпараттың шынайылығына көз жеткізу керектігі айтылды.
Балқаш ауданы полиция бөлімі азаматтарды қырағылық танытып, киберқылмыскерлердің арбауына түспеуге шақырады. Егер алаяқтық белгілері байқалса немесе күмәнді жағдайға тап болсаңыз, уақыт оздырмай «102» арнасына хабарлап, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Интернеттегі қауіпсіздік – әр адамның өзінен басталады. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы өз қаражатыңыз бен жеке мәліметтеріңізді алаяқтардың қолына түсуден қорғай аласыз.
Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы