Перейти к содержимому
Главная страница » Профилактикалық жұмыс жүргізілді

Профилактикалық жұмыс жүргізілді

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам қауіпсіздігінің маңызды бағыты. Осы орайда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу және отбасы институтын нығайту мақсатында полиция бөлімінің профилактика кабинетінде профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жеке кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында азаматтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жауапкершілік талаптары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, қорғау нұсқамасын және сот белгілеген ерекше талаптарды бұзудың құқықтық салдары жан-жақты түсіндіріліп, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Кездесу аясында тұрмыстық жанжалдардың туындауына жол бермеу, отбасы мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу, өзара сыйластық пен жауапкершілікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туындаған даулы мәселелерді бейбіт келіссөздер арқылы шешудің маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Профилактикалық есепте тұрған әрбір азаматпен жеке профилактикалық әңгімелесу өткізіліп, олардың мінез-құлқы мен заң талаптарын сақтау деңгейіне назар аударылды. Құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу мақсатында тиісті ескертулер беріліп, заң талаптарын бұзған жағдайда қолданылатын жауапкершілік шаралары тағы да түсіндірілді.

Мұндай профилактикалық жұмыстар құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Ол азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, отбасындағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті нығайтуға, қоғамдағы заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әр азамат заң талаптарын сақтап, отбасы құндылықтарын құрметтеу арқылы қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса алады.

Медина Айтуова, Еңбекшіқазақ АПБ Отбасылық тұрмыстық зорлық зомбылыққа күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты