Қазақстан Республикасының Конституциясы – халқымыздың бірлігі мен елдігіміздің берік негізін қалайтын басты құжат. Ата Заңымызда әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары, мемлекет пен қоғамның негізгі қағидаттары айқын көрсетілген. Сондықтан Конституцияны құрметтеу – Отанға деген құрметтің бір көрінісі.
Бүгінде елімізде азаматтық қоғамның рөлі артып келеді. Әрбір адам өз пікірін еркін білдіруге, қоғамдық бастамаларға қатысуға және елдің дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – Конституцияда бекітілген қағидаттардың нақты жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді.
Қоғамның дамуы әр адамның жауапкершілігі мен белсенділігіне байланысты. Өз құқығын білетін, өзгенің құқығын құрметтейтін азаматтар көбейген сайын мемлекетіміз де нығая түседі. Әсіресе, жастардың құқықтық сауатын арттырып, оларды елжандылыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет.
Конституция – уақыт өткен сайын өз маңызын жоғалтпайтын, керісінше қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін маңызды құжат. Біз Ата Заңда белгіленген құндылықтарды күнделікті өмірімізде басшылыққа алып, татулық пен өзара сыйластықты сақтай білсек, еліміздің болашағы бұдан да жарқын боларына сенім мол.
Мұрат Естемесов,
Қызылжар ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Еңбекшіқазақ ауданы

