Перейти к содержимому
Главная страница » Қоғам қауіпсіздігі басты назарда!

Қоғам қауіпсіздігі басты назарда!

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторларының қызметі ерекше маңызға ие. Бүгінде олардың жұмысының тиімділігі тек құқық бұзушылықтың азаюымен ғана емес, әкімшілік учаске тұрғындарының полиция қызметіне берген бағасы мен қоғамдық пікір арқылы да айқындалады.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында сервистік полиция қағидатын дамыту, халықпен тиімді кері байланыс орнату және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықты күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын.
Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ағымдағы жылдың 20–26 шілдесі аралығында облыс көлемінде «Аулалардағы қабылдау» республикалық акциясы өтті. Акцияның басты мақсаты – тұрғындардың құқық қорғау саласына қатысты сауалдарына жауап беру, құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу. Іс-шара барысында ауылдық округтердегі тұрғын үйлердің аулаларында халықпен ашық кездесулер ұйымдастырылып, отбасылық-тұрмыстық қатынастар, жол қозғалысы қауіпсіздігі, кәмелетке толмағандар арасындағы буллингтің алдын алу, вейп өнімдерін сатуға тыйым салу және әкімшілік заңнамадағы соңғы өзгерістер жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың туындауына ықпал ететін себептерді анықтау және оларды жою бағытында тиісті шаралар қабылдануда.
Аталған акция аясында Балқаш аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Азамат Абдрахманов пен қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жандос Мырзағали Бақанас және Ақкөл ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары құқық қорғау саласына қатысты өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сауалдарына заң талаптарына сәйкес жан-жақты жауап алды.
Полиция подполковнигі Азамат Абдрахмановтың айтуынша, мұндай кездесулер халық пен полиция арасындағы өзара сенімді нығайтып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.
Балқаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындармен мұндай түсіндіру және қабылдау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын, ауданның барлық ауылдық округтерін кезең-кезеңімен қамту көзделіп отырғанын атап өтті.

Алтынай СЕЙІТКЕН Балқаш ауданы