Сауда орындарында кәмелетке толмағандарға ішімдік сату мәселесіне тыйым салынған болса да, кейде кәсіпкерлердің заңды белшеден басып та жататын кездері болатыны белгілі. Белгіленген сағаттан кейін де спирттік ішімдіктер саудаланбауы тиіс. Десе де жуырда Ұйғыр ауданында осы мәселе бойынша әлеуметтік желілерде кешкі сағат 21:00-ден кейін алкоголь өнімдерін сату фактілері бойынша жарияланымдар шыққан болатын.
Тексеру нәтижесінде расымен түнгі уақытта ішімдік сатқан кәсіпкерлер анықталып, тиісті шаралар қабылданған еді. Осы себепті бүгінде әрбір ауылдық округте сауда орындарында кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатуға жол бермеу және түнгі уақыттарда ішімдік саудасын бодырмау мақсатында түсіндіру-ескерту жұмыстары жүргізілуде. Дәл осындай профилактикалық шараны Тасқарасу ауылдық округі әкімі аппартының мамандары да жүргізді.
Іс-шара барысында дүкен иелеріне қолданыстағы заңнама талаптары кеңінен түсіндіріліп, алкоголь өнімдерін сату кезінде белгіленген тәртіпті қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді. Әсіресе, 18 жасқа толмаған азаматтарға спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынатыны және бұл талаптарды бұзған жағдайда заң аясында жауапкершілік қарастырылатыны да ескертілді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге ақпараттық-ескерту парақшалары таратылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында нақты ұсыныстар берілді. Мұндай профилактикалық жұмыстар қоғамдық тәртіпті сақтау мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Әрі бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ұйғыр ауданы

