Перейти к содержимому
Главная страница » Шалғай ауылдағы шаттық

Шалғай ауылдағы шаттық

Жамбыл ауданының Бозой ауылында әлеуметтік маңызы бар екі нысан – ауызсу жүйесі мен фельдшерлік-акушерлік қосынның салтанатты ашылуы өтті. Шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, аудан прокуроры Азамат Сұртаев және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысып, шалғай ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.


Бұған дейін Бозой ауылының тұрғындары медициналық көмекті ескі ғимаратта алып келсе, енді заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа нысанда сапалы қызмет көрсетіледі. Фельдшерлік қосын оған қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда фелдьшер, медбике және тазалықшы жұмыс істейді. Қызметкерлердің сапалы жұмыс істеуіне және тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімді әрі тиімді көрсетуге барлық жағдай жасалған. Ауылда 715 тұрғын бар. Медициналық мекеме күніне 10 адамға дейін қабылдай алады.

Жаңа медициналық пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын «Тунас» ЖШС жүргізді.
Қос нысанның іске қосылуы шалғайдағы елдімекен тұрғындарын көл-көсір қуанышқа кенелтті. Әсіресе ауызсу жүйесінің салынуын мұндағы жұртшылық көптен күткен еді. Өйткені Бозой ауылында 1994 жылдан бері, яғни 32 жыл бойы орталықтандырылған ауызсу жүйесі болған жоқ. Тұрғындарға ауызсу Іле ауданының Ақши ауылдық округінен көлікпен тасымалданып келді. Енді, міне, көптен бері халықты толғандырған мәселе оң шешімін тауып, ауыл өзінің таза ауызсуына қолы жетті.
Өткен жылы ауылдың ауызсу жүйесін жаңғырту және салу жобасы аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 5,2 шақырым ауылішілік су құбыры тартылды. Жобаның басты ерекшелігі – мұнда жерасты суының тұздылығы жоғары болғандықтан, сағатына 10 текше метр су тазартатын заманауи қондырғы орнатылды. Соның арқасында судың тұздылығы айтарлықтай төмендетіліп, тұрғындар таза әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтылды. Мұнда 70 текше метрлік резервуар, екінші көтеру сорғы стансасы, 100 текше метрлік су мұнарасы салынып, 2 су ұңғымасы бұрғыланды. Су құбыры желісіне 93 абонент, жалпы саны 710 тұрғын қосылды.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру, шалғай ауылдардың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында және облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ