Қарасай ауданында тағы бір қуанышты әрі жарқын қоныс тойы өтті. Бұл жолы көптен күткен пәтер кілттері тағы 30 отбасыға табысталды. Салтанатты рәсім Қаскелең қаласындағы аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтіп, оған аудан әкімі Жасұлан Естенов қатысты.
Аудан әкімі қоныс иелерін өмірлеріндегі айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтап, оларға зор денсаулық, бақ-береке, отбасылық бақыт пен мол ырыс тіледі. Сондай-ақ жаңа баспаналардың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты әлеуметтік қорғауға және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік саясатының нәтижесінде беріліп отырғанын ерекше атап өтті.
Жаңа қоныс иелеріне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Масимақынов ақ батасын арнады. Одан кейін салтанатты түрде пәтер кілттері табысталды. Жаңа баспанаға ие болғандардың қатарында толық емес және көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар, жетім балалар мен қарттар болды. Бұл жолы берілген тұрғын үйлер Шамалған және Елтай ауылдық округтерінің аумағында орналасқан.
Шамалған ауылының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Нұрбек Хайдаров мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде он жылдан астам уақыт тұрған екен.
– Бұл салтанатты рәсім мен үшін ғана емес, отбасым үшін де өмірімізді түбегейлі өзгертетін маңызды оқиға болды, – дейді ақсақал. – Осындай нақты қолдау көрсетіп, мұқтаж жандарға шынайы қамқорлық танытып отырған мемлекетімізге, аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлына және оның командасына шынайы алғысымды білдіремін. Барлық қоныс иелеріне отбасы амандығын, бақыт пен береке тілеймін. Өмірлеріңіз осындай қуанышты әрі мәнді сәттерге толы болсын.
Аудан әкімінің айтуынша, бүгінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте 13 036 азамат тұр. Оның ішінде 6 915 адам халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Сонымен қатар, 2025 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж азаматтар санатындағы 72 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ал биылғы жылдың басынан бері 154 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып отыр. Енді олардың қатарына бүгін баспаналы болған тағы 30 отбасы қосылды деуге болады. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тағы 73 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сондай-ақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қосымша 290 пәтер сатып алуға қаржы бөлгені де маңызды қадам болды. Жасұлан Тоққожаұлының айтуынша, жыл соңына дейін бұл тұрғын үйлерді сатып алып, кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға табыстау үшін барлық қажетті жұмыстар атқарылады.

Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

