Ел басына күн туған сындарлы сәтте қан майданға аттанып, Отан қорғау жолында жан қиған аталарымыздың ерлігі – ұрпаққа өнеге. Нарынқол өңірінің жұртшылығы майдангерлер рухына тағзым етіп, олардың есімін кейінгі буынға насихаттап келеді. Жуырда тағы бір тағылымды шараның куәсі болдық. Қаратоған ауылындағы бір көшеге ерлігі ел есінде қалған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Брест қамалын қорғаушылардың бірі, елге еңбегі сіңген ардақты азамат Нұрғали Жансеріковтің есімі берілді.
Нұрғали Жансеріков жауынгерлік сапта жүріп, туған жерінің бостандығы үшін жан аямай шайқасты. Ол 1916 жылы Райымбек ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Үкірші деген жерде дүниеге келген. Алғашында арабша хат танып, орталау мектепті латын әрпімен оқып бітірген. Одан кейін Жаңатоған кеңшарында табельші, артынан есепші болып жұмыс істейді. 1935 жылы ауылдық кеңеске хатшылыққа тағайындалады. 1936-1939 жылдары Нарынқол аудандық комсомол комитетінде іс басқарушы қызметін атқарады. 1939 жылы Отан алдындағы міндетін өтеу үшін әскер қатарына шақырылады. Белоруссияның әйгілі Брест қамалында тұрған 6-дивизияның 333-атқыштар полкінің 2-пулеметшілер ротасында пулеметтің атқышы болып әскери борышын өтеп жүрген кезде соғыс басталып кетеді. Осы жерде ол басқа жауынгерлермен бірге жауға қарсы тұрып, алғаш рет неміс басқыншыларына қарсылық көрсетіп, оқ атқан қазақ жауынгерінің бірі болды.
Майдан даласында ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да марапаттармен наградталды. Соғыстан кейін туған жеріне оралып, ұзақ жыл бойы ел игілігі жолында адал еңбек етті. Саналы ғұмырын елдің бірлігіне, жас ұрпақтың тәрбиесіне арнап, халықтың құрметіне бөленген абыз ақсақал болды. Соғыс ардагері Нұрғали Жансеріков 2020 жылы 104 жасында өмірден өтті.
Жары Мәндіқыз екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарының бәрі жоғары білім алып, осы өңірде әртүрлі қызметтер атқарды. Үлкен ұлы Бақберген ауылда мұғалім, мектеп директорының орынбасары, ауылдық кеңестің хатшысы, аудандық «ДОССАФ» мекемесінің басшысы болды. Кіші ұлы Бақытжан ұжымшар зоотехнигі болды. Қыздары ұстаздық қызметте жүрді.
Бұл игі шара – батыр атамыздың ерлігіне көрсетілген құрмет, өскелең ұрпаққа үлгі болатын тағылым.
– Нұрғали Жансеріков атамыз зейнеткерлікке шықса да, ауылдың тыныс-тіршілігін қадағалап, тәртіп бұзғандарын тезге салып, жақсы қызмет атқарғандарына әрқашан ақ батасын беріп, елдің береке-бірлігін, ырыс-ынтымағын ойлап жүруші еді. Батагөй ақсақал, ардақты ардагер ретінде аудандық, облыстық, республикалық мерекелерге, іс-шараларға шақырылып, елдің, жердің атынан аталық сөзін айтып, бәтуәлі батасын беріп жүретін, – деп еске алады ардагер-журналист Дүйсенбек Мағлұмов.
Салтанатты шараға Райымбек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Азат Исадин, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Жанат Берікбаев, Райымбек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары, ауыл тұрғындары қатысты.
Кіріспе сөз алған Дүйсенбек Мағлұмов атамыздың өмірбаянымен таныстырып, іс-шараны жүргізіп отырды. Ақын Еркін Ібітановтың ардагерге арнап жазылған «Жарты ғасыр адасқан орден» атты балладасын тебірене оқыды.
– Елі үшін жанын пида еткен осындай Нұрғали атамыздың ерлігі мен еңбегі мәңгі сақталады. Осындай қуанышты сәтте ел болып, атамыздың туыстары болып, Қаратоған ауылына жиналып, қуанышты сәттің куәсі атанып отырмыз. Бұл көшеде жүрген жас балалар, ауыл тұрғындары қандай көшеде келе жатқанын, қандай батыр тұлғаның аты берілгенін біліп жүреді, – деді ауыл әкімі Жанат Берікбаев.
Жиналған көпшілік ардагердің бейбіт өмірде абыроймен атқарған қызметі мен еселі еңбегіне тоқталды. Олар ардагердің өмір жолына деген сый-құрметін білдіріп, оның есімін кейінгі ұрпаққа үлгі ету маңызын атап өтті.
– Елім деген ерлердің ерлігі жас ұрпақты отаншылдыққа бастайды. Жаңа көшеге ардагер есімі берілгені – құптарлық іс, – деген Халел ақсақал көпшілікке ақ батасын берсе, ауыл имамы Мақсат ардагер рухына Құран бағыштады.
Өз кезегінде сөз алған соғыс ардагерінің ұл-қыздары Бақберген, Қуанышбек, Бақытжан, Бақытгүл, Гүлсімдер тұлға атын дәріптеу келешек ұрпаққа үлгі екенін айтып, аудан әкімдігіне өз алғыстарын жеткізді.
Ел ағалары Мелс Әлімбеков, Айыпжан Қаптағаев майдан даласында жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін от кешкен, соғыстан кейінгі жылдары ауылда қажырлы еңбек еткен тұлға туралы жарқын естеліктер айтып, майдангер есімін дәріптеу келешек ұрпаққа үлгі әрі ел жадында жатталып қалатынын жеткізді.
Шара соңында жиналған қауымға майдангер атамыздың рухына арнайы дұға бағышталып, ас берілді. Түс ауа ардагерді еске алуға арналған жастар арасында шағын футбол жарысы ұйымдастырылып, спортшылар өз шеберліктерін көрсетті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы

