Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев белгілі кинорежиссер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы аясында Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылына жұмыс сапарымен барды. Мәртебелі мейман мұнда кино майталманына арналған көрмені тамашалап, Сүйінбай музейінде жастармен кездесті.
Мәлік Нұржанұлы алдымен осы ауылдың тау жағындағы Сүйінбай Аронұлының кесенесіне барып, ақын рухына Құран бағыштады. Одан кейін елдімекен Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейіне атбасын тіреді. Музей сыртында «Зерделі кітап» автокеруенінің өкілдерімен кездесті. Жамбыл аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен ауыл-ауылды аралап жүргендер осы ауылға атбасын бұрған сәті екен. Автокеруеннің алдына қойған мақсатымен аталған кітапхананың директоры Аяужан Сәдуақасова таныстырды. Ол автокеруеннің Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай жасақталғанын, сапар барысында елдімекендерде кинорежиссердің «Менің атым Қожа» фильмі ашық аспан астында көрсетілетінін, сонымен қатар кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылатынын жеткізді.
Одан соң мәртебелі мейман Сүйінбай музейінің ауласында күтіп тұрған жастарға беттеді. Елордадан келген құрметті қонақтың алдында жас ақын Айым Асылбекқызы арнау өлеңін айтты. Мәлік Отарбаев осындағы Сүйінбай ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ескерткіш жанында жағалай қойылған Абдолла Қарсақбаевтың кинотуындыларына арналған көрмені тамашалады. Бұл көрме Жаңақұрылыс ауылындағы Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектептегі музейден әкелінген. Онымен аталған оқу орнының 11-сынып оқушысы Ұлжан Әділхан таныстырды.
Мәлік Нұржанұлы музей ішіндегі тарихи жәдігерлерді аралап көрді. Одан кейін музейдің мәжіліс залында өңір жастарымен кездесті. Шараны белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы жүргізді. Кездесу барысында тағылымды әңгіме, құнды ой айтылып, жастар пікір алмасты.
Көпшілік алдында сөз алған Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев алдымен Мемлекет басшысының арнайы сәлемін жеткізді.
– Белгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың кіндік қаны тамған ауылда бас қосып отырғанымыздың символикалық мәні бар, – деді ол. – Оның есімі әлемдік деңгейде танылған, биылғы мерейтойы ЮНЕСКО күнтізбесіне енгізілген. Сондықтан шетелдіктердің көкейінде «Ол қайда туған, қай топырақтан нәр алған, ол жерден қандай тұлғалар шықты екен?» деген сұрақтар туындайтыны анық. Бұл жер – сөз сүлейі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбылдың, одан басқа да көптеген ұлт мақтанышының туған жері, Алатаудың баурайындағы табиғаты тамаша, тарихы терең киелі мекен. Біз осындай тарихи тұлғаларымызды үнемі еске алып, олардың елге сіңірген еңбегін, ұлттық руханияттың дамуына қосқан үлесін ұрпақ санасына сіңіре берсек, баянды болашаққа сеніммен нық қадам жасайтынымыз анық. Олардың қалдырған мұрасы Тәуелсіздікті нығайтуға қызмет ете береді. Сондықтан Сүйінбай, Жамбыл, Мұқағали, Абдолла Қарсақбаев сияқты ұлт мақтанышына айналған тұлғаларымызды әспеттеу – перзенттік борышымыз, – деген Президент кеңесшісі одан әрі кино өнерінің өзіндік ерекшелігі мен Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылық шеберлігіне тоқталды. Жастармен тағылымды сөзін сабақтап, ұлт руханиятының маңызын тереңнен тарқата әңгімеледі. Сөзінің соңында елімізде жаңа кезеңнің басталғанын, тарихи тұлғаларға құрмет көрсете отырып, болашаққа нық сеніммен қадам басатынымызды айтты.
Жиында қаламгерлер Нағашыбек Қапалбекұлы, Исмаилжан Иминов биылғы Жамбыл Жабаев пен Абдолла Қарсақбаевтың мерейтойлы жылында ауданда қолға алынған бірқатар игі істі тілге тиек етті. Оның ішінде тарихи тұлғаларға арналған кітап шығару, баспасөзде материал жариялау сияқты шаралар сөз етілді.
Президент кеңесшісімен кездесуде аудан жастары сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл орайда ақын, патриоттық бірнеше әннің авторы Елдос Үмбетәлиев, көркемсөз оқу шебері Досым Қондыбаев жастардың рухани саладағы толымды істерін тілге тиек етті.
Кездесу соңында Жамбыл аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің дәстүрлі әншілері жырдан шашу шашты. Президент кеңесшісі аудан жастарымен естелік суретке түсті.
Жамбыл ауданы



