Қазақстанда рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағаны үшін салынатын әкімшілік айыппұл өсуі мүмкін. Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов елдегі қоқыс мәселесін қозғап, министрліктерге тапсырма берді.
Премьер-министрдің айтуынша, жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады. Мыңдаған стихиялық қоқыс полигондарын жою үшін әкімдіктер қомақты бюджет қаражатын бөледі. Қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтауға арналған рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Заң талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де ұлғайтылды.
«Алайда, атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз. Қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі ахуал өте күрделі күйінде қалып отыр. Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылған жоқ. Өкінішке қарай, бізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспады. Көп жағдайда қоқысты көшеге тастай салу әдетке айналған. Қоқыс үйінділеріне қатысты ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі. 2022 жылғы ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша елде 5,6 мыңнан астам стихиялық қоқыс үйінділері анықталды. Биылғы наурыздан қыркүйекке дейінгі аралықта 5,5 мың рұқсат етілмеген қоқыс орны табылды», – деді Үкімет басшысы.
Үкімет басшысы Қазақстанда қоқысты жою және қайта өңдеуде әлі күнге дейін ескі әдіс қолданылатынын да айтты.
«Әлемнің көптеген елдері қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасайды. Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ке жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Ал біз әлі күнге дейін қоқысты жоюдың жинақтау немесе көму сияқты әбден ескірген әдісін қолданып келеміз», – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Осыған байланысты Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға 1 қарашаға дейін коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын бекітуді тапсырды. Бұған қоса, әкімдіктер жыл соңына дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін 2 есеге азайтуы тиіс.
«Экология министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту туралы заң түзетулерін енгізсін. Әкімшілік айыппұлдар көлемін ұлғайту қажет, заң бұзу фактілері қайталанса, соған сәйкес салынатын айыппұл мөлшері де өсуі керек. Сондай-ақ, Экология министрлігі қалдықтарды бөліп жинауды, оларды утилизациялау мен қайта өңдеуді енгізудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, қолданыстағы заңнамаға түзетулер әзірлеуі қажет», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр қалдықтарды жоюдың қазіргі жүйесі, оның ішінде тариф мәселесі еш сын көтермейтінін айтып, жыл соңына дейін жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.
«Экология министрлігі әкімдіктермен бірге 1 желтоқсанға дейін еуропалық озық тәжірибені ескеріп, қалдықтарды жойып, қайта өңдейтін жаңа зауыттар салу бойынша ұсыныстар әзірлеуі тиіс. Ол үшін тиісті заңнамалық база бар. Мәселен, Швеция, Франция, Жапония сияқты әлемнің кейбір елдерінде зауыттар үлкен жерді алып отырған жоқ, онда түтін мен иіс шығармайтын технологиялар қолданылады. Экология, Оқу-ағарту, Ғылым министрліктері жыл соңына дейін қоқыспен жұмыс істеу мәдениеті мәселелерін әзірлеп, оны балабақшадан бастап университетке дейін оқу бағдарламаларына енгізуі керек. Қалдықтарды бөліп жинау мен қайта өңдеу іс-әрекетіміз бен мінез-құлқымыздың маңызды бөлігіне айналуы қажет», – деді Премьер-министр.