Шетелдіктерге Қазақстанда суррогат ана қызметін пайдалануға тыйым салынды. Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Неке және отбасы туралы кодекске өзгерту енгізді. Яғни аталмыш қызметті пайдалану тәртібі өзгерді.
Енді сәби сүю үшін бұл қызметке тек Қазақстанның азаматтығы бар және ресми некеде тұрған жұптар ғана жүгіне алады. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен құзырлы органдар елімізге шетелдіктердің медициналық туризммен ағылып жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Заңға енгізілген жаңа өзгеріс бойынша өзге мемлекет азаматтары елімізде суррогат ана қызметін енді пайдалана алмайды.
Мәжіліс мінберінде шетел азаматтарына суррогат ана қызметіне шектеу қою мәселесі 2025 жылдың соңында көтерілген. Халық қалаулыларының айтуынша, бұрынғы заңнама Қазақстанда балалардың азаматтығына қатысты құқықтық даулардың туындауына себеп болған. Сонымен қатар елімізге келіп жатқан жатжұрттықтар басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанда суррогат ана қызметінің арзан екенін ескеріп, жекелеген адамдар мұны пайда көзіне айналдырған. Тіпті, Қытай азаматтары жергілікті кәсіпкерлерді шетелдіктерге «құрсақ» ана қызметін ұсынатын серіктестік ашуға шақырғанына куә болдық. Алайда қандасымыз мұның заңсыз әрі қазақ менталитетіне жат әрекет екенін айтып, бас тартқан.
Табиғи жолмен жүкті бола алмаған әйелдер алдымен ЭКҰ (экстракорпоральді ұрықтандыру) әдісін байқап көруге мәжбүр. Бірнеше сынақтан кейін үміті ақталмаған жағдайда суррогат анаға жүгінеді. Заң бойынша оның талаптары да үлкен жауапкершілікті көздейді. «Құрсақ» ананың көмегіне мұқтаж жұп оның бастан-аяқ медициналық тексерілуіне, репродуктивтік технологияларды қолдануына және жүктілікке байланысты шығындарды түгелімен өз мойнына алуы тиіс. Сонымен қатар өздерінің денсаулық жағдайы мен медициналық-генетикалық тексеру қорытындыларын ұсынуға міндетті. Тапсырыс берушілер суррогат ананың жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі 56 күн ішіндегі медициналық қызмет көрсету шығындарын төлейді. Ал жүктілік кезінде немесе босану барысында асқынулар туындаса, бұл мерзім 70 күнге дейін созылады. Неке және отбасы туралы кодекске енгізілген өзгертулер суррогат ана бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптарды нақтылауға және олардың міндеттерін реттеуге бағытталған.
Қазақстандық ерлі-зайыптылар «құрсақ» анамен жасалатын келісімді міндетті түрде жазбаша рәсімдеп, нотариус арқылы куәландыруы керек. Оған қоса тапсырыс беруші жұп көмекші репродуктивті технологияларды жүзеге асыратын медициналық мекемемен жеке шарт жасасуы тиіс. Өзгенің баласын көтеріп жүрген әйелдің сәбиге еш құқығы жоқ және оны генетикалық ата-анасына беруге міндетті. Заңды некеге тұрған ерлі-зайыптыларға бедеулік және белсіздік диагнозы қойылып, әйел физиологиялық тұрғыдан бала көтеруге және босануға қабілетсіз екені анықталғанда ғана суррогат ана қызметін пайдалана алады.
Заңнамаға сәйкес, «құрсақ» анаға қойылатын талап та жоғары. Әйелдің денсаулығы жақсы, жас ерекшелігі 20-35-ке дейін және кемінде дені сау бір баласы болуы шарт. Сонымен қатар физикалық, психикалық және репродуктивті денсаулығы жақсы екені медициналық ұйымның ресми қорытындысымен расталуы керек. Егер суррогат ана некеде болса, оның жұбайының жазбаша және нотариалды куәландырылған келісімі болуы қажет. Олар алдымен агенттік арқылы іріктеуден өтіп, IQ-тест тапсырады, барлық инфекциялық ауруға тексеріледі. Ультрадыбыстық зерттеу бойынша бүкіл көрсеткіші қалыпты болса, әйел «құрсақ» ана бола алады.
Суррогат ана бағдарламасының құны қымбат. Бірақ басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда едәуір арзан. Сол себепті де шетел азаматтары еліміздегі «құрсақ» ананың көмегіне қызығып отыр. Ғаламторда осындай қызметті жарнамалаған сайттар көптеп кездеседі. Арнайы мемлекеттік бағдарламамен қызмет көрсететін репродуктология клиникасынан өзге жеке меншік орталықтар да менмұндалап тұр. Агрегат сайттар мен әлеуметтік желідегі жарнамалар арзан бағаны көрсеткенімен, құқықтық тұрғыдан алғанда қаупі жоғары. Олардың мәліметтеріне сенсек, елдегі жатырын жалға беретін аналардың қызмет ақысы 2,5-9 миллион теңге аралығында. Кейбір мұқтаж жұптар пәтер әперуге келіседі. Қызмет көрсетуші тәжірибелі болса, баланы көтеріп, туып беру ақысын өзі белгілейді.
Репродуктивтік медицина орталығында да суррогат аналардың мәліметтер базасы бар. Мұндағы қызмет құны 3-7 миллион теңгені құрайды. Бірқатар ЭКҰ клиникаларында жеке тізім жоқ болғандықтан серіктес суррогат ана агенттіктерін нұсқайды. Мекенжайларын Алматы мен Астана деп көрсеткен агенттік сайттарындағы деректерге сүйенсек, «құрсақ» анаға тағайындалған төлем 4,5-8 миллион теңгені құрайды. Ал ресейлік сайттарда кездесетін қазақстандық қызмет ұсынушылардың жұмысы 7-13 миллион теңгеге дейінгі аралықта.
Еліміздегі «құрсақ» аналарға берілетін ақыны талдайтын болсақ, мұнда негізгі міндетті және қосымша қызметтер де бар. Өзгенің баласын көтеріп, туып беретін әйелдің соңғы жарнасына оның 200-300 мың теңге аралығында ай сайынғы күтім ақысы да кіреді. Генетикалық ата-аналарға арналған ЭКҰ бағдарламасын тікелей жүзеге асыру, яғни, медициналық тексеруді есепке алғандағы міндетті шығын 1,5-2 миллион теңге тұрады. Оған генетикалық жұп пен суррогат ана арасында келісім жасау бойынша нотариалдық қызметтер де кіреді. Оның бағасы 60 мың теңгеден басталады. Суррогат ана бағдарламасының маңызды кезеңдерін жүзеге асыруға 7-12 миллион теңге сомасында қаржы кетеді.
Тапсырыс беруші қосымша шығынға 3,5-4,5 миллион теңге ақша дайындап қоюы тиіс. Мысалы, суррогат ананы таңдауға көмектескен агенттік өз қызметіне 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін ақы алады. Ал жүктілік барысында немесе босану кезінде күтпеген жерден әйелдің денсаулығында өзгеріс болып, ақылы «Жедел жәрдемнің» көмегіне жүгінуі мүмкін. Егер перзент сүюден үмітті ата-ана басқа қалада тұрса, ұйым жүктілік кезінде кураторлық қолдау мен патронаттық қызметтерді де ұсынады. Оның құны – 1 миллион теңге. Агенттік бөлген куратор суррогат ананы уақытымен дәрігердің қабылдауына апарып, мәселе туындаса, соны шешуге міндетті. Ерекше қолдау қызметін таңдаса, суррогат ананың дұрыс тамақтануын қадағалап, оқитын кітаптарын таңдап, апта сайын үйін тазалап беретін қызметші тағайындалады.
Суррогат ананың жүктілігі дәрігерлердің жіті қадағалауын талап етсе, қызмет құны – 500 мың теңге. Ақылы бөлімде босанатын болса, 500 мың теңге көлемінде шығын шығуы мүмкін. Егер әйел егіз баланы дүниеге әкелсе немесе дәрігерлер ота жасау арқылы босандырса, ата-анасы қосымша өтемақы төлеуі тиіс. Жалпы алғанда, еліміздегі суррогат ана қызметінің орташы құны 16 миллион теңге немесе 34 мың АҚШ долларына тең. Енді осы соманы басқа елдердегі «құрсақ» ана бағдарламасының құнымен салыстырсақ, бізде әлдеқайда арзан. Ашық дереккөзден алынған мәлімет бойынша, суррогат ана бағдарламасы бойынша жалпы көлемі Чехияда – 65-85 мың, Бельгияда – 54-65 мың, Данияда – 50-60 мың, Ресейде 60 мың АҚШ долларын құрайды.
Тағы бір түйіткілді мәселе – Қазақстан бойынша суррогат аналардың бірыңғай тізілімі жасалмаған. Менталитетімізге байланысты жақындары білгенін қаламаған әйелдер ашық тізімге өзі туралы деректерді салудан қашады. Сөйтіп жасырын түрде шетелдік агенттіктерге тіркеліп, шетелдіктердің баласын туып беруі мүмкін. Бірақ жат жерде олардың амандық-саулығына, құқықтық қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бола алмайды.
Шетелдік агенттіктер заңды кепілдік бермегедіктен уәде етілген төлемді толық ала алмай, алданып қалғандар да бар. Бөтен елде келісімшарт талаптары бұзылса, оған Қазақстан заңдары жүрмейді. Консулдықтар нақты қаржылық немесе құқықтық қолдау бідірмейді. Тек адвокат ұсына алады. Бұған дәлел – Грузияда болған жағдай. Отандасымыз 32 аптада уақытынан бұрын толғатып, егіз бөбекті өмірге әкелген. Алайда оған келісімшартта белгіленген сомадан аз қаражат төленген. Суррогат ана бағдарламасына байланысты екі ал арасында заңдық күші бар құжатнама болмағандықтан, оның амандығына, ақысын өндіріп алуына ешкім кепілдік бере алмайды.
«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл мәселеге бір жақты қарамаған жөн. Яғни, суррогат ана болу мәжбүрлік пе, жоқ, әлде қажеттілік пе? Табиғи жолмен бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылардың көпшілігі алдымен ЭКҰ-ға жүгінеді. Бұл әдісті бірнеше мәрте сынап көріп, нәтиже шықпаған соң тауы шағылған жұп «құрсақ» анадан көмек сұрары сөзсіз. Жалпы, аталған екі әдіс те нәрестенің иісіне зар болып жүргендерге үміт сыйлайтын медицина ғылымының жетістігі демеске амалымыз жоқ. Өйткені, бедеу әйел мен белсіз еркектің көбеюі ұлттың тамырына балта шабатын қасірет екені айдан анық. Алайда материалдық қажеттілікті өтеу үшін жыртыққа жамау іздеген нәзік жандар басын бәйгеге тігіп, өзгенің перзентін құрсағында көтеріп, туып беруге тәуекел етеді. Ертеде әжелеріміз «Аяғы ауыр әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде. Бала туғанда жаны иегінің ұшына ілініп тұрады. Аман-есен жаны қалды» деген сөзді бекер айтпаса керек. Жүктілік барысында түрлі асқыну немесе туыт үстінде «құрсақ» ананың да аман қалатынына сенім жоқ. «Адамнан адам шықпақ оңай емес». Суррогат ана қызметін ұсынатын орталық мамандары отандастарымыз көбіне бұл қадамға жетіспеушіліктен барады дейді. Бөтен жандарға бала туып беруге, әсіресе баспанаға мұқтаж немесе банктен алған несиесін төлей алмаған бұрымдылар келіседі екен. «Агенттіктерге айына кемінде 10 әйел қызмет ұсынады. Олардың дені жалғызбасты әйелдер мен жас келіншектер» дейді мамандар. Өкінішке қарай, Қазақстанда да суррогат анаға сұраныс жоғары болып тұр. Елімізде әрбір алтыншы отбасы перзентке зәру. Репродуктолог-дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын суррогат ананың қызметіне жүгінетін отбасылардың саны артуда.
Елгүл НҰҒЫМАН,
журналист

