Перейти к содержимому
Главная страница » Шексіз мүмкіндік

Шексіз мүмкіндік

Облыста ерекше білім беру қажет­тілігі бар балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдас­тыруға бағытталған «Sheksiz mumkin­dikter» спорттық-инклюзивті жобасы биыл төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып жатыр. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы Samruk-Kazyna Trust қоры­ның қолдауымен және «ДЦП Life» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырылып отырған жобаға биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 300 ерекше бала мен олардың ата-аналары қатысуда.

Осы жылдың 13 шілдесі мен 22 тамыз аралығында төрт ауысыммен өтетін лагерьдің басты мақсаты – ерекше балалардың денсаулығын нығайтып, олардың әлеуетін ашуға, қоғамға бейімделуіне және өзіне деген сенімін арттыруға қолайлы орта қалыптастыру.
Лагерь бағдарламасы балалардың қызығу­шылығы мен қажеттілігін ескере отырып жасалған. Мұнда бейімделген спорт түрлері, шығармашылық шеберлік сабақтары, командалық ойындар, білім беру және дамыту бағытындағы түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Осындай кешенді жұмыстар балалардың жаңа дағдыларды меңгеруіне, достар тауып, өзара қарым-қатынасын нығайтуына және қоғаммен еркін араласуына мүмкіндік береді.
Жоба тек балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да жан-жақты қолдау көрсетеді. Лагерь барысында психологтардың кеңестері, тәжірибелі мамандардың консультациялары, мотивациялық кездесулер мен стратегиялық сессиялар өткізіледі. Бұл шаралар ата-аналардың психологиялық қолдау алуына, бала тәрбиесіндегі тәжірибесін толықтыруына және отбасының эмоционалдық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
Жобаның екінші маусымының жабылу салтанатында Samruk-Kazyna Trust қорының бас директоры Әлфия Әдиева лагерьдің басты құндылығы балалардың қуанышы мен жетістігі екенін атап өтті.
– Біз жыл сайын осы лагерьде балалар мен ата-аналардың басын қосамыз. Мақсатымыз – балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа қабілеттерін ашуына, өз-өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік жасау. Ал ата-ана үшін баласының шат-шадыман күйде ойнап, достарымен емін-еркін араласып, өзін өзгелермен тең сезінуінен асқан бақыт жоқ. Осындай сәттерді көру – біздің ең үлкен жетістігіміз, – деді ол.
Салтанатты рәсім барысында спорттық және шығармашылық бағыттарда белсенділік танытқан қатысушылар марапатталды. Өз кезегінде ата-аналар ерекше балаларға арналған мұндай маңызды бастаманы тұрақты түрде қолдап келе жатқан Samruk-Kazyna Trust қорына ризашылықтарын білдірді.
Төрт жыл ішінде «Sheksiz mumkindikter» лагеріне 1000-нан астам ерекше бала қатысып, оның игілігін көрді. Бұл жоба инклюзивті қоғам қалыптастыруға, ерекше балалардың әлеуетін ашуға және олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамалардың біріне айналды.
Samruk-Kazyna Trust қоры соңғы он жылда еліміздің барлық өңірінде жалпы құны 145 миллиард теңгеден асатын 460-тан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. Оның ішінде Алматы облысында 2016 жылдан бері құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын 12 әлеуметтік жоба іске асырылды. Атап айтқанда, Ұзынағаш ауылындағы оңалту орталығы, Әйтей ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілсе, қазіргі таңда Қонаев қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.
Ерекше балалардың мүмкіндігін шектемей, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау – әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды көрінісі. Ал «Sheksiz mumkindikter» лагері осы бағыттағы игі бастамалардың жарқын үлгісі болып отыр.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы