Перейти к содержимому
Главная страница » Вокзал жаңарды

Вокзал жаңарды

Жамбыл ауданының Теміржол ауылдық округіне қарасты Қазыбек бек бекетінде күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалы қайта ашылды. Жолаушылардың жайлылығы үшін заманауи құралдармен жабдықталған нысанның жаңарған келбеті ауыл ажарын аша түсті.

Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сұлтанов құттықтау сөз сөйлеп, халықтың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасаған «Қазақстан темір жолы» АҚ ұлттық компаниясының атына, жұмысты орындаған мердігерлерге алғыс білдірді.
Қазыбек бек бекетіндегі ескі вокзал 1960 жылы салынған. Толықтай қайта жаңғыртудан кейін оның жалпы аумағы кеңейіп, 214 шаршы метр болды. Жаңарған ғимаратта медициналық қосын, ана мен бала бөлмесі қарастырылған. Жоба еліміздегі теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы бойынша атқарылды.
Бұл бекет арқылы өтетін жолаушылар пойызында толас жоқ. Бірақ басым көпшілігі мұнда тоқтамайды. Тек екі пойыз ғана аз уақытқа аялдайды. Сол пойызды Қазыбек бек елдімекенінде жұмыс күндері орта есеппен 70-80 адам пайдаланса, демалыс күндері жолаушылар саны екі есеге артады. Алматыға дейінгі жолақысы – 120 теңге. Қазыбек бек бекетінің тұрғындары жаңа вокзалдың ашылғанына ризашылықтарын білдірді. Енді олар алдағы уақытты шығыс пен батысқа жүйткіген пойыздардың біразы бекетке аялдаса деген тілектерін жеткізді. Аталған елдімекенде 5-6 мың шамасында тұрғын бар. Қалаға қатынап жұмыс істейтіндерге, студенттерге күніне екі емес, одан көп пойыз тоқтаса ыңғайлы бола түсер еді.
– Халықтың ұсыныс-тілегін естідік. Енді бұл тілекті қарастырып, оң шешім қабылдауға тырысамыз, – дейді «Алматы-1» теміржол вокзалының басшысы Бақытжан Әбілпаттаев.
Тоғыз жолдың торабындағы Қазыбек бек бекетімен қатар «Шамалған» стансасын да қайта жаңғырту жұмысы аяқталды. Ол станса арқылы күн сайын Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Бейнеу бағытында 20 жолаушы пойызы өтеді. Бұл вокзалдың аумағы да бұрынғысынан 269 шаршы метр болып ұлғайтылды. Жолаушыларға арналған жайлы күту залдары жабдықталып, навигация жүйесі жетілдірілді. Ғимараттың қасбетінен бастап ішкі кеңістігі толық жаңартылды. Жүріп-тұруы шектеулі адамдардың кедергісіз қозғалысы үшін де қажеттіліктер ескерілген.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы