Перейти к содержимому
Главная страница » Хәкім атында

Хәкім атында

Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ғана емес, күллі адамзат өркениетінің рухани биігі. Оның «Толық адам» ілімі, Қара сөздері мен мәңгілік мұрасы ғасырлар өтсе де, өз құнын жоғалтқан емес. Сондықтан білім мен ғылым, тәлім мен тәрбиенің тетігімен тең Абай есімін иелену – кез келген білім ордасы үшін үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік. Бүгінде елімізде жүзден астам білім ошағы қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, композитор, аудармашы әрі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, халықты білім-ғылымға, еңбек пен адамгершілікке үндеген Абай есімімен аталады. Олардың қатарында Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында орналасқан Абай атындағы қазақ орта мектебі де бар.

Мектептің алғашқы қоңырауы 1963 жылы соғылып, ауыл балалары үшін білім көкжиегіне кең жол ашқан-ды. Тарих парағы кезінде кішкентай ғана ғимаратта ашылған мектеп бүгінде еңселі білім ордасына айналған. Талай шәкірттің қанатын қатайтып, үлкен өмірге қанаттандырған, бірнеше буынды білім нәрімен сусындатып, бағыт-бағдар берген ыстық ұя, қасиетті қара шаңырақ.
Еңбекшіқазақ ауданындағы үлкен ауыл – Шелек ауылының қақ ортасында орналасқан үш қабатты ғимаратқа мектеп ұжымы 1992 жылы кірген. Ал 2023 жылы оқу ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат толығымен жаңарған. Заман ағымына сай жаңғырып, материалдық-техникалық базасы толықтай жабдықталған мектепте оқушылардың сапалы білім алып, саналы тәрбиемен сусындауы үшін бар жағдай жасалған.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтпақшы, ұстаздықты жанына серік етіп, шәкірттерін білім шыңына шығарып жүрген білімді де, білікті ұстаздар – мектептің жүрегі. Мектеп директоры, Білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, педагог-шебер, ұлағатты ұстаз Муслима Ахметжанова бастаған ұжымда 74 мұғалім қызмет атқарады. Олардың екеуі – педагог-шебер, төртеуі – педагог-зерттеуші, жиырмасы – сарапшы, отыз төрті – педагог-модератор. Аталған оқу орнында ұзақ жыл жұмыс істеп жүрген аға буын білім саласына жаңадан қадам басқан жас мұғалімдерге әркез бар тәжірибесін үйретіп, жол көрсетіп келеді.
Осы тұста Абай атындағы қазақ орта мектебінде үрдіске айналған керемет дәстүрлерді айта кетуіміз керек-ақ. Оның бірі – саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, білім саласында, соның ішінде осы мектеп қабырғасында ұзақ жыл тынбай еңбек етіп, ұлт болашағы, ел ертеңі үшін тер төккен аяулы ұстаздарын еске алып, олардың есімімен мектепте жаңа кабинет ашу. Тағы да ұлы Абайдың сөзіне жүгінсек, «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген екен. Жақсы ұстаздан тәрбие алған шәкірттер жыл сайын алтын ұя мектебінде бас қосып, өздері түлеп ұшқан киелі шаңырақтың шарықтап дамуы үшін, онда білім алып жатқан шәкірттердің ертеңгі жарқын болашағы үшін қолдан келгенше атсалысып келеді. Ардагер-ұстаздардың құрметіне ашылған мектептегі 11 кабинет те, мектеп музейі де, химия, тарих, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, АӘД, бастауыш сынып кабинеттері де түлектердің қаржылай демеушілігімен қажетті құралдармен қамтамасыз етіліп, жабдықталған. Мектеп түлектерінің оқу орнына жасаған үлкен сыйының бірі – білім шаңырағының алдында қасқайып тұрған Абай Құнанбайұлының мүсіні мен акт залының безендірілуі. Залдың толық қабырғасына Абайдың бейнесін салып, сөздерін жазған автор – мектептің 1975 жылғы түлегі Нұрлан Қайырбеков. Жыл сайынғы түлектер кездесуінде білім ошағынан әр жылдары түлеп ұшқан сыныптас құрбы-құрдастар мектеп ұжымымен бірлесіп, концерттік бағдарлама, спорттық жарыстар ұйымдастырады. Алтын ұя мектебінің абыройын асқақтатып, ортақ мүддеге біркісідей жұмылған Абай атындағы қазақ орта мектебінің кешегі оқушылары осындай іспен бүгінгі шәкірттерге керемет үлгі көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеді.
«Осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан қаншама шәкірт бүгінде еліміздің әр саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Арамыздан елге танымал ғалымдар, ақындар, жазушылар, әншілер, бишілер, ұстаздар, дәрігерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты. Туған елдің ғана емес, халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен додаларда топ жарып, өнері мен білімі арқылы Қазақстанды күллі әлемге танытып жүрген шәкірттерімізді мақтан тұтамыз. Олардың әрбір жетістігі – мектеп тарихының алтын парағы, ұстаз еңбегінің жемісі» деген мектеп директоры Муслима Ахметжанова: «Абай атындағы мектеп болу – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Сондықтан біздің мақсатымыз – оқушыларға тек сапалы білім беру ғана емес, Абай армандаған кемел, білімді, еңбекқор, әділетті тұлғаны тәрбиелеу. Біз әр сабағымызда, әр тәрбиелік іс-шарамызда ұлы ойшылдың мұрасын өмірмен байланыстырып түсіндіруге тырысамыз. Балалар Абай шығармаларын жаттап қана қоймай, айтқан ойларын өз өміріне бағдар ете алса – біздің еңбегіміздің нәтижесі сол. Ұлы ақынның «Толық адам» ілімі бүгінгі тәрбиенің де темірқазығы болуы тиіс», – дейді.
Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзі бүгінде 700-ге жуық оқушы білім алып жатқан мектептің басты қағидаларының біріне айналған.

Құралай Мұратқызы

Шелек ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы