Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы апта сайын белсенді ұйымдастырылуда. Әсіресе, аптаның төртінші күні «Таза бейсенбі» шарасы күн тәртібінен түскен емес. Күні кеше осындай бастама аясында Қарасай ауданының барлық аумағында сенбілік өткізілді. Оған белсенді тұрғындар, мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің өкілдері мен жастар қауымы қатысты.
Аталған сенбіліктердің бірі Бірінші Май ауылдық округіне қарасты Бекболат ауылында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосовтың қатысуымен ұйымдастырылды. Ол тазалық шарасына жиналған жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» экоакциясының маңыздылығын айтып, барша аудан жұртшылығын табиғатты аялауға, экологиялық мәдениетті сақтауға шақырды. Сондай-ақ Азамат Серікұлы сенбілік соңында акцияға қолдау білдірген белсенділерге ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті.
Бұл күні экошара аясында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарының нәтижесінде аудан аумағынан 60 тоннадай қоқыс шығарылды. Ал іс-шараға 3203 тұрғын белсенді қатысып, ауданның тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, Қарасай ауданында жалпы жыл басынан бүгінгі күнге дейін 24 сенбілік ұйымдастырылды. Оның бәріне 41 067 адам қатысып, 671 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Одан бөлек, жалпы 211 арнайы техника жұмылдырылып, сенбілік жұмыстарында 424 гектар аумақ тазартылды. Аудан аумағында 8 355 түп ағаш отырғызылды. Бүгіндері Қарасай жерінде қоғамдық орынды күтіп ұстау мен абаттандыру жұмыстары жауапты органдар тарапынан әрдайым бақылауда. Егер қоршаған ортаға залал келтірілген болса, заң аясында тиісті жаза көзделген. Оның бәрі «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 және 434-2-баптарына сәйкес құқық бұзушылықтар «Erap» бірыңғай базасы арқылы тіркеледі. Мәселен, тұрақты жүргізіліп отырған рейдтік іс-шаралар қорытындысы бойынша екі әкімшілік айыппұл салынып, 23 азаматқа ескерту берілді. Алдағы уақытта мұндай қадағалау жұмыстары жалғасатын болады.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

