Перейти к содержимому
Главная страница » Бұлақтыдағы жаңа білім ордасы

Бұлақтыдағы жаңа білім ордасы

Райымбек ауылдық округіне қарасты Бұлақты ауылында 1200 орынды жаңа орта мектептің ашылуына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін ауылда тек бастауыш мектеп қана болғанын ескерсек, бұл жаңа білім ордасы ауыл тұрғындары үшін үлкен әрі бағалы сый болмақ.

Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстары біраз уақытқа созылды. Бұған өзіндік себептері болғаны анық. Құрылыс барысында мамандар 2,8 гектар аумақта орналасқан мектептің жер телімінің барлық бөлігінде жерасты суының екі метр тереңдікте жатқанын анықтады. Осы мәселені шешу үшін алты мыңға жуық қада қағылды. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы нысан электр және газ желілеріне қосылмағаны жұмысқа кедергі болған.
Жобаның бас мердігері – «ҚҰРЫЛЫСШЫ-ТБС» компаниясы. Компания мамандары жалпы аумағы 10 300 шаршы метрді құрайтын, тоғыз блоктан тұратын заманауи әрі жайлы үш қабатты мектеп ғимаратын тұрғызды. Оның ішінде «В» блогында бастауыш сынып оқушылары, «Б» блогында орта буын оқушылары, ал «А» блогында жоғары сынып оқушылары білім алатын алады.
Мектепте 197 орынды акт залы, 255 орынды асхана және үш спорт залы қарастырылған. Бұдан бөлек, арнайы жабдықталған оқу кабинеттері, еңбек шеберханалары, кітапхана және білім беру үдерісін мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыруға қажетті басқа да заманауи нысандар бар.
Айта кетерлігі, соңғы екі жылда Қарасай ауданында 12 жаңа мектеп бой көтерді. Оның жетеуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Ал Бұлақты ауылындағы жаңа білім ордасы аталған жоба бойынша өңірде пайдалануға берілетін сегізінші мектеп болмақ.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы