Перейти к содержимому

Ұрпақ жадында

30 қаралым

Жанбаба Айтұлы – ел тағдыры таразыға түскен жаугершілік заманда халқымен бірге бар ауыртпалықты көтеріп, елдік пен ерліктің өнегесін қалдырған тарихи тұлға. Баба ұрпақтарынан батыр да, би-шешен де, ғалым да, ақын да шыққан. Іргелі бір атаның Жанбаба аталуында да терең мән жатыр.

Туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ата-бабаға деген құрметтің жарқын көрінісі ретінде Райымбек ауданы Қызылшекара ауылындағы жаңа саябаққа Жанбаба Айтұлының есімі берілді. Мұнда биіктігі 5 метр болатын торсық пішінді стелла орнатылған. Аталған туындының авторы – мүсінші Алмасбек Жуасбаев. Саябақ ішіне тал-терек егіліп, айналасы абаттандырылған. Әсем безендірілген қақпа бой көтеріп, сахна мен түрлі-түсті шамдар орнатылған.
Салтанатты шараға Райымбек ауданы­ның әкімі Дастан Құдабаев, ҚР Мәдениет қайраткері, Райымбек, Кеген, Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы Тәңірберген Қасымберкебаев, ауылдық округ әкімдері, ауыл тұрғындары мен баба ұрпақтары қатысты. Стелланың лентасы қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Жиналған көпшілік Серік Сүйіндіктің жырын тебірене тыңдады. Аудан әкімі Дастан Құдабаев ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгін біз ел игілігіне арналған тағылымды шараның куәсі болып отырмыз. Жанбаба ұрпақтары туған жерге деген перзенттік парызын танытып, саябақтың негізін қалады. Өздеріңізге белгілі, биыл Райымбек ауданының құрылғанына 90 жыл толды. Осы айтулы мерейтойға орай республика және облыс көлемінде бірқатар тағылымды, тарихи әрі мәдени шаралар ұйымдастырылып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі саябақтың ашылуы да осы мерейтой аясында жүзеге асты. Осындай мазмұнды бастама үшін сіздерге шынайы алғыс айтамын, – дей келе баба ұрпағы, Мәдениет қайраткері Тәңірберген Қасымберкебаевқа Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасын табыс етіп, иығына шапан жапты.
– Ұрпақ болашағының кемел болуы үшін қанымен де, жанымен де аянбай күрескен асыл бабаларымыздың рухына бас иіп, тағзым етіп отырмыз. Тұсауы кесіліп, ел иігілігіне берілген Жанбаба ата саябағы сол құрметтің басты айғағы деп білеміз. Жанбаба ұрпақтары тұратын ауылдың көркеюі, кешегісіне көз жүгіртіп, болашаққа сеніммен нық қадам жасауы, осындай ерлік істерден басталары сөзсіз. Ең алдымен аңыздарға арқау болған Жанбаба бабамыздың қасиетті торсығы ырыс пен несібенің символы болып, ауылымыздың қақ ортасында бой көтеруімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деген Тәңірберген Қасымақынұлы арнайы баяндамасын оқып, жобаға үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
Баба ұрпақтары – Бірлік ­Нұрсапа­ұлы, Аян Балапанұлы, Жолдыбек Нұрбеков ерлік пен елдікті паш ететін әңгімелерін ортаға салды. Жанбаба саябағын салуға қаржылай демеушілік көрсетіп, сүбелі үлес қосқаны үшін бірқатар азамат Алғыс хаттармен марапатталды. Саябақтың символикалық кілті Сүмбе ауылдық округінің әкімі Азамат Серікұлына табысталды. Ауыл ақсақалы Семетай Әбдіхалықов көпшілікке ақ батасын берді.
Шараға жиналған жұрт Сұлтанбай Досбол, Бағашар Рысалды, Орынбасар Мақсатұлы, Нұрбақыт Мамытханов, Алмас Қияс, Олжас Ибрагимов, Нұрақын Абзал, Жолшыбек Бекжан, Ермек Әшімбаев, Сапар Алтынай, Думан Бота, Гүлбану Мұхаметжанова сынды өнер иелерінің әндерін тыңдады. Шара соңында Жанбаба Айтұлының рухына Құран бағыш­талып, ас берілді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы