
Алматы облысының Кеген және Райымбек аудандарында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ» Алматы облыстық филиалы жүзеге асырып жатқан жұмыстар аясында бірқатар учаскелерде жолдың негізгі қабаттары жаңартылып, асфальтбетон жабыны төселуде. Атап айтқанда, «Кеген – Нарынқол» автомобиль жолының 0–74 шақырым аралығында орташа жөндеу жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 74 шақырым болатын учаскеде жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда 47 шақырымға асфальтбетон жабынының жоғарғы қабаты төселді. Қалған учаскелерде жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.
Жолға қажетті асфальтбетон қоспасы арнайы зауытта дайындалып, жөндеу учаскелеріне жеткізіліп, белгіленген технологиялық талаптарға сәйкес төселуде. Сонымен қатар, Кеген ауданындағы «Көкпек – Кеген – Түп» автожолының 68–88 шақырым аралығында да орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын учаскеде жолдың төменгі қабаты толық төселді. Ал 7 шақырымға асфальтбетон жабынының жоғарғы қабаты салынды. Аталған бағыттың бір бөлігі Кеген ауылының орталық көшесі арқылы өтеді. Қазір мұнда жол жабынын жаңарту жұмыстары жүргізіліп, елді мекеннің негізгі көлік бағыты біртіндеп жаңарып келеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жергілікті тұрғындар оң бағалауда. Олардың айтуынша, жолдардың жаңаруы екі аудан арасындағы және елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, тұрғындар мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Орташа жөндеудің негізгі мақсаты – жол төсемінің беріктігін арттыру, автожолдардың пайдалану жағдайын жақсарту және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта екі бағыттағы жөндеу жұмыстары да жалғасуда.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ» Алматы облыстық филиалы
