Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде сауда орындарын заманауи форматқа көшіру, сауда үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін барынша қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында базарларды кешенді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қойылған талаптарға сәйкес келмейтін базарларды кезең-кезеңімен жабу және олардың орнына санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігі нормаларына және халықаралық стандарттарға сай келетін көпфункционалды жабық сауда орталықтарын салу да уақыт күттірмейтін міндет. Осы бағыттағы жұмыстар аясында биылғы жылдың басынан Қаскелең қаласындағы орталық «Жер-Ана» базарында да құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде.
Ашық аспан астындағы сауда қатарларының сатушылар мен сатып алушылар үшін де қолайсыздық тудырып келгені баршаға мәлім. Сондықтан мұнда жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданған болатын. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін ашық алаңдарда сауда жасап жүрген барлық кәсіпкерлер кең, ыңғайлы, жайлы әрі қауіпсіз заманауи жабық павильондарға көшіріледі.
Александр Богдан басқаратын Sun Capital Engineering компаниясы өкілінің айтуынша, жаңа ғимарат осы жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. Егер құрылыс жұмысы жоспарға сай жүрсе, нысан биылғы күздің өзінде пайдалануға берілуі мүмкін.
Ғимарат құрылысы көктемде басталды. Бүгінде іргетасы толық құйылып, металл конструкцияларын монтаждау жұмысы қызу жүргізілуде. Бұл үшін қажетті еңбек күші де, арнайы техника да жеткілікті.
Құрылыстың әр кезеңі қатаң бақылауда. Сертификатталған зертхана бетонның, металл конструкцияларының және өзге де құрылыс материалдарының сапасын жүйелі түрде тексеріп отырады.
Заманауи екі қабатты сауда орталығының жалпы аумағы жеті мың шаршы метрден асады. Ауқымды кешенде жарықтандыру, жылыту және желдету жүйелерімен жабдықталған жайлы бутиктер орналасады. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсетуге арналған түрлі әлеуметтік аймақтар қарастырылады.
Айта кету керек, жаңғырту жұмысы тек «Жер-Ана» базарымен ғана шектелмейді. Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Олжас Тілепбергеновтің айтуынша, 2018 жылдан бері Іргелі ауылдық округі аумағында орналасқан «Алтын орда» базарын ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда мұнда бірнеше ірі павильон салынып, көптеген сауда орындары жабық ғимараттарға көшірілді. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған болатын. Алайда базар басшылығы өз аумағында автобекет салу туралы шешім қабылдауына байланысты жаңғырту мерзімі келесі жылға ауыстырылды. Бұдан бөлек, аудан аумағындағы ірі «Бірлік», «Тірлік» және «Достық» сауда базарларында да жаңғырту жұмыстарын жүргізуге арналған эскиздік жобалар әзірленіп жатыр.
Жалпы алғанда, бұл үдеріс сауда саласын жаңа, өркениетті деңгейге көтеруге, сатып алушылар мен сатушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ ауданның сәулеттік келбетін айтарлықтай жақсартуға және ретсіз көше саудасын жаңа, жайлы ғимараттардың ішіне көшіру арқылы осы мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы
