Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Шөп шабудан – сайлау учаскесіне

Шөп шабудан – сайлау учаскесіне

74 қаралым

Ұйғыр ауданының Дардамты ауылдық округіндегі №910 сайлау учаскесінде таңғы уақыт әдеттегіден ерекше басталды. Шөп шабуға асыққан ауыл тұрғындары жолай сайлау учаскесіне соғып, өз таңдауларын жасап, содан кейін ғана алқапқа аттанды.

Ауыл еңбеккерлері үшін жаз мезгілі – ең қарбалас кезең. Мал азығын дайындау үлкен ұйымшылдықты талап етеді. Өйткені әрбір ашық күннің шаруалар үшін маңызы зор. Соған қарамастан ауыл азаматтары күнделікті жұмысын азаматтық міндетімен ұштастырып, сайлауға арнайы уақыт тапты. Кейбірі учаскеге жұмыс киімімен келді.

– Бүгін ерте тұрып, шөп шабуға шығуымыз керек еді. Бірақ біз дауыс беруді маңызды азаматтық міндет деп санап, алдымен сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасадық. Енді осы жерден жұмысымызға аттанамыз, – деді ауыл тұрғыны Ерболат Бақтыбаев. Өмір бойы Дардамты ауылында ғұмыр кешіп келе жатқан Ерболат ағамыз еліміздегі әр өзгеріске үмітпен қарайтынын әрі осы уақытқа дейін барлық сайлауда өз таңдауын жасап келгенін де айтып өтті. Өзінен кейінгі егін алқабында жүрген жастарға да шаруаны бірер уақытқа ысырып қойып, дауыс беру қажеттігін де айтып отырады. Себебі болашақ сол жастардың қолында, жасалып жатқан өзгерістер де жастар үшін, еліміздің келешегі үшін, – дейді Ерболат ағамыз.

Дардамтыдағы бұл көрініс күнделікті маңдай термен атқарылатын еңбек пен азаматтық белсенділіктің өзара үйлесім табатынын көрсетті. Еңбек күтіп тұрмайды, бірақ ел мен жердің болашағына деген жауапкершілікті де ауыл тұрғындары кейінге қалдырмады.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы