Райымбек ауданы Қайнар ауылындағы Мәдениет үйінде орналасқан №773 сайлау учаскесінде азаматтар өз таңдауын білдіріп, Құрылтай сайлауында белсенділік танытуда.
Аталған учаскелік сайлау комиссияның төрағасы Рая Жұмаділқызының айтуынша, учаскеде заң талаптары толық сақталып, дауыс беру барысы тыныш әрі тәртіппен өтуде. Сондай-ақ мүгедектігі бар сайлаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Үйден дауыс беруге өтініш қалдырған азаматтар үшін тасымалданатын сайлау жәшігі де дайын тұр. Бұл сайлау учаскесі бойынша дауыс беруге 1307 сайлаушы тіркелген.
Бірінші болып өз таңдауын жасаған қарт сайлаушылар Әкімжан Нұрсейітов, Күлсара Әшенова сөз алып, баршаны дауыс беруге шақырды. Оларға сайлау учаскесі комиссиясының атынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Сайлау күні Қайнар аулының тұрғыны, 18 жасқа толған Дәулет Наурызбай сайлауда алғаш рет дауыс берді. Ол осынау тарихи сәтке анасымен бірге келіп, ел болашағы болашағы жолында өз таңдауын жасады.
Сайлау учаскесіне «Дауыс», «Жас отбасы» қоғамдық бірлестіктерінен байқаушылар келіп, сайлаудың әділ өтуін қадағалап отыр.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы