26 қазан күні Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қалаларының этно-демографиялық және әлеуметтік-мәдени дамуы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынға отандық тарихшы ғалымдар, зерттеушілер қатысты. Бұл жиын «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қалалары әлеуметтік-мәдени құбылыс ретінде: этно-демографиялық және әлеуметтік-мәдени даму» жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
1920-1930 жылдардағы республикамызда болған оқиғалар халықтың әлеуметтік және демографиялық дамуындағы өзгерістерге яғни, халықтың саны, орналасуы, этникалық құрамы, сабақ құрылымы, сауаттылық пен білім деңгейі, т.б. әсер етті. Бұл өзгерістердің салдары ұзаққа созылды және осы уақытқа дейін әлеуметтік және демографиялық процестердің ерекшеліктерін анықтады. Жеделдетілген индустрияландыру саясаты (көмір өндіру, түсті және қара металлургияны, химия және мұнай-химия өнеркәсібін және т.б. дамыту) өңірлердің тарихи миссиясын осы стратегияның құрамдас бөліктерінің бірі ретінде алдын ала белгіледі.
Алғашқы баяндамашы институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., доцент Айжамал Құдайбергенова Бүкілресейлік халық санақтарының нәтижелерін өзара салыстыра отырып, қала мен ауыл тұрғындарының құрамы, саны, жынысы және тағы басқа көрсеткіштерін талдап, мұндай статистикалық мәліметтердің туындауына қатысты тарихи оқиғаларды саралады, тарихи демография тұрғысында жүргізген зерттеуін ортаға салды. Әсіресе 1921-1922 жылдардағы ашаршылық, индустрияландыру және басқа да оқиғалардың қала халқының өзгеріске ұшырауына тікелей әсер еткенін баса айтты.
«Қазақстанның қала мен ауыл халқы: 1926-1939 жылдардағы халық санағы негізінде» атты тақырыпта баяндама жасаған «NARXOZ» университетінің профессоры Жәмилә Асылбекова нақты екі санақ арасындағы Республикадағы қала халқының динамикасын көрсетті. Автордың пайымдауынша, 1926-1939 жылдар арасында жаңа қалалар бой көтеріп, ірі өнеркәсіп орындарының ашылуы қала халқының күрт өсуіне ықпал етті.
Келесі баяндама тізгінін алған институттың бас ғылыми қызметкері, профессор Оразгүл Мұхатова архив деректері мен зерттеулерге сүйене отырып, шынай урбанизация процесінің 1950 жылдары басталғанына дәлелдер келтірді. Сонымен қатар бұл жоба аясында зерттеу жүргізген кезде тек санақ материалдарымен шектелмей, ғылыми айналымға басқа да деректерді, естеліктер мен мерзімді басылымдарды енгізіп, міндетті түрде компаративтік (салыстыра зерттеу) әдісті қолдану керектігін алға тарты.
Ал тарихшы, профессор Айжан Қапаева өз баяндамасында қала халқының динамикасын ХХ ғ. 20-жылдары болған ашаршылықпен өзара байланыстыра отырып көрсетті. Мәселен, автордың айтуынша, сол уақытта ашыққан адамдардың едәуір бөлігі ауылды аймақтарда тұрған, ал билік көп жағдайда тек қала халқына көмек ұйымдастырып отырған. Осы себептен де ашыққан ауыл халқы, жанын сақтау мақсатында ата қонысын тастап, қалаларға келуге мәжбүр болған.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.к. Ақсұңқар Абдулина бұл тақырыптың зерттеушілер назарынан тыс қалып жүрген архитектуралық қыры бойынша мазмұнды баяндама жасады. Ең алдымен қала, қала типтес елді-мекен, поселок, ауыл секілді категориялық аппараттың басын ашып, ара-жігін анықтап алу қажет. Ғалымның дәлелдеуі бойынша, кеңестік билік ең алдымен өнеркәсіп орындарын салу, зауыт-фабрикаларды жетілдіру секілді мәселеге басымдық беріп, ал қарапайым қала халқының тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуді кейінге ысырып отырған.
«ХХ ғасырдың Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Закарья Рахметолла қалалар тарихын республикамыздан тысқары территориялардан келген эмигранттар, тұтқындар, тағы басқа ұлттар өкілдерінің тарихымен сабақтастыра отырып зерттеу керектігін ұсынды. Олардың Қазақстан жерінде орналасуы, қажеттіліктермен қамтамасыз етілуі, қала мен ауылдық жерлерге көшірілуі сынды мәселелерге тоқталып өтті.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры, PhD докторы Махаббат Қозыбаева өз зерттеуінде Солтүстік Қазақстан аумағындағы этно-демографиялық үдерістерге, оның алғышарттары мен барысына, тарихына тоқталып өтті. Ғалымның дәлелдеуінше, ресми биліктің берген статистикалық мәліметтері нақты емес, әр құзырлы органның берген мәліметтерінде сандық көрсеткіштер әртүрлі нұсқада көрініс беріп отырған. Оның бір себебі, аштық жайлаған көршілес Ресей жерінен адамдардың ағыла көшіп, шекараға жақын орналасқан Солтүстік Қазақстанның қалаларына орналасуы деуге болады. Көп жағдайда бұл үрдіс стихиялы түрде жүріп отырған, соған орай барлық келушілерді есепке алу мүмкін болмаған. Махаббат Қозыбаева аталмыш жылдар аралығындағы санақ мәліметтері бойынша қала халқының санын, динамикасы мен этникалық құрамы, т.б. мәселелер жөнінде ақпараттарды талдап, кесте түрінде көрсетті.
Осы ғылыми жобаның жетекшісі, институттың жетекші ғылыми қызметкері Алтын Уалтаева жобаны жүзеге асыру барысында негізінен қалалардың демографиялық даму қырымен қатар, оның әлеуметтік-мәдени дамуы, этно-демографиялық өзгерістері, қалалардың сипаты, құрылысы, т.б. секілді маңызды мәселелер қарастырылатындығын мәлімдеді. Сондай-ақ, республикамыздағы ірі қалалардың тарихымен қоса, кіші қалалардың да тарихы назардан тыс қалмайтындығын айтты.
Институттың ғылыми қызметкері Аида Марғұлан осы жоба аясында Мәскеу мен Қарағанды қалаларында болып, Қарағанды мен Ақмола қалаларының құрылу тарихы жөнінде архив қорларынан алған құжаттармен бөлісті.
Жиын соңында баяндамашылардың мақалалары жинақталып, дөңгелек үстелдің электронды жинағы жарық көретіндігі мәлімделді.
Тарихшы ғалымдар бас қосқан жиын қорытындысында республикадан тыс Қазақстанға мәжбүрлі көші-қон (байлардың жер аударылуы, ГУЛАГ тұтқындары және тағы басқа), сондай-ақ аштық жылдарында ашыққан ауыл тұрғындарының қалаларға мәжбүрлі түрде жер аударылуы әрі қарай зерттелуі қажет деген ұйғарым жасалды. Сонымен қатар зерттеушілер қалалардағы қазақ халқының динамикасы, әлеуметтік, жастық-жыныстық құрамы, білім алуы, тағы басқа мәселелерге, қала халқының күнделікті өміріне назар аударылған жөн деген тоқтамға келді.
Қуаныш Мырзақожаев,
Тарихи демография және ҚХА
бөлімінің ғылыми қазметкері